Халықаралық «Voice of Turan-2024» қазақ әндері фестивалінің жеребе тастау рәсімі өтті. Этноауыл кешеніндегі киіз үйде қазақ салт-дәстүр көріністері көрсетіліп, ұлттық дәм ұсынылды. Содан соң қоржынға арнайы жасырылған реттік нөмірлерді алып, өз кезектерін анықтады.
 Биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған ән байқауына халықаралық ән байқауларында жетістікке жеткен өнер иелері қатысады. 18-35 жас аралығындағы эстрадалық жанрдағы орындаушылар, үлкен концерттік қойылымдарда тәжірибесі бар 18 үміткер қамтылады. Байқау шартына сәйкес бірінші күні еліміздің өнер шеберлерімен бірге дуэт орындайды. Ал екінші күні өз таңдауындағы қазақ әнін шырқап, бақтарын сынамақ. Фестиваль мақсаты – төл музыканы, қазақстандық авторлардың үздік шығармаларын, қазақ тілін насихаттау. Ән арқылы әлемге халқымыздың музыка мәдениетінің сан алуандылығын паш ету. Ұлы Дала елінде туындаған шығармаларда айқын сақталған музыкалық ерекшеліктерді көрсету. Түркі әлемінің рухани астанасы – киелі Түркістанды насихаттау. Бағы мен бабы қатар шапқан шынталанттарды шығармашылық интеллигенция өкілдері, танымал орындаушылар, композиторлар мен продюсерлер бар кәсіби қазылар алқасы анықтайды. Жеңімпаздарға Гран-при, І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар, сондай-ақ арнайы жүлделер мен ынталандыру сыйлықтары беріледі.