Ақиық ақын Мұхтар Шаханов Төлеби жастарымен де жүздесті. Тас жарған табиғи дарын иесінің шығармашылық жолы дәл осы Төлеби топырағынан басталған деседі жұрт. Айталық, ел сүйіп тыңдайтын «Ақсудан ұшқан аққуым» әнінің сөзі таулы аймақтағы Ақсу өзенінің бойында туған. Наркескен азаматпен болған кездесу Леңгір қаласындағы №8 кәсіптік техникалық колледж ғимаратында өтті.
 Шаханов - қазақ әдебиетінде, мәдениетінде, жалпы, өркениетінде мүлде оқшау, өзгеше құбылыс иесі. Отырарда туып, балалық шағы Төле би ауданындағы Қасқасу елді мекенінде төбенің басында әкесі қаздырған жертөледе өтті. Сол жертөленің жоғары жағында тау бар. Бала ақын алғашқы өлеңдерін таудың бетінде тастан жасалған орындықта отырып жазған екен. Бұл кездесуде колледж студенттері мен өнерпаздары Шаханов шығармаларын орындап, ақынның айрықша ықыласына бөленді.
Наркескен азаматтың  қаламынан туған кез-келген шығармасы өзгеге ұқсамайды. Сезім буған лирикалық өлеңдері. Ой толғатқан әлеуметтік поэмалары. Шер толқытқан философиялық балладалары бәрі-бәрі мүлде басқа. «Жазу тәсілінің өзі ешқандай стандартқа, қалыпқа сай келмейді», -дейді бүгінгі жүздесуден ерекше әсер алған жастар.
 Тау тұлғамен болған жүздесу барысында колледж шәкірттері ақынның шығармашылық шабытына қызығушылық танытты, таң-тамаша болды. Жастар ақиық ақынға сауал жолдап, тұщымды жауап алды. Әр сөзін әзілмен әрлеп, өлеңмен нәрлендірген Мұхтар Шаханов биыл 82-ге келіп отыр. Ал, білім ордасының ұжымы мұндай кездесулерді ұдайы өткізіп отырады. Бұл - жас ұрпақты шығармашылыққа баулудың тиімді тетігі.
 Кеш соңында жас буын ақын кітаптарына қолтаңба жаздырып алды. Білім қуған шәкірттер осылайша, әлем таныған тау тұлғамен болған кездесуден зор әсер алып, тарқасты.