Қала жастары тәртіп сақшыларының жұмысымен танысты. “Полицейдің бір күні” іс-шарасында құқық қорғау қызметкерлері өздерінің күнделікті әрекеттерін әңгімелеп, арнайы техникалары мен жабдықтарын көрсетті. Сондай-ақ, қауіпті жағдайларда қалай әрекет ету керектігіне тоқталды.  
Ерұлан Ұланұлы пагон тағып, полицей болуды бала күнінен армандаған екен. Салаға бір табан жақындай түсу үшін политехникалық колледжге оқуға түсіпті. Қызығынан гөрі қиындығы басым қызметтің жауапкершілігі мол екенін жеткіншек жақсы түсінеді. Бүгінгі шара барысында тәртіп сақшылараның әр қимылын қалт жібермей бақылаған ол салаға деген қызығушылығының одан әрмен қарай артқанын айтады.
 Құқық қорғау саласының маңыздылығы түсіндірілген шарада жастар мұражайды аралап полиция қызметінің тарихымен танысты. Тәртіп сақшылараның жетістіктері мен ерліктері туралы кеңінен мәлімет алған оларға өткен жылдардағы полиция формалары көрсетілді.
 Полицейдің бір күнімен танысқан жастар саптық жиынға қатысып, қарбалас сәтте кептелісті болдырмаудың тәсілдерін бақылады. Оларға «Қорғау» жүйесі түсіндіріліп, болашақ тәртіп сақшыларының қызығушылығын оятты.
Аталған шара жастардың құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттырып, олардың болашақ мамандықты таңдаудағы мүмкіндіктерін кеңейтті. 100-ден астам жастың қатысуымен өткен бұл шара полиция қызметінің қыр-сырын түсінуге, жауапкершілігі жоғары мамандықтың маңыздылығын бағалауға ықпал етті.