Қазақстанда балалар денсаулығымен айналысатын дәрігер тапшы. Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының деканы осылай дейді. Оның сөзінше, кезінде жабылған педиатрия мамандығы қайта ашылып, олқылықтың орнын толтыруға дәрігерлер барын салып жатыр. Ал жаңа педиатрлар биыл оқуын тәмамдап шығады.

Бала денсаулығы – келешек ұлттың сапасы. Сондықтан, медицинаның осы саласына баса назар аударылып жатыр. Елімізде ана мен бала денсаулығын қорғау, өлім көрсеткішін төмендету – басты мақсат пен мүдде. Білікті маман даярлау ісі қолға алынып, кешенді жоспарлар әзірленген.

Медицина мамандары балалардың тұрақты түрде тексеруден өтуі маңызды екенін айтады. Ерте кезеңде анықталған денсаулық мәселесін шешу оңай, аурудың алдын алу жеңіл. Оған қоса баланың физикалық қана емес, психикалық денсаулығына да мән берген жөн.

Иә, бала саулығы отбасын жоспарлаудан басталады. Себебі, туа бітті ақаулардың басым бөлігі әйелде құрсақ ішілік инфекцияның болуынан шығады. Дәрігерлер мен салауатты өмір салтын насихаттаушылар әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, сау ұрпақты өмірге әкелуге тырысуы керек деп, ескертеді.