Қазақ ұғымында «Асар» атты жақсы дәстүр бар. Оны берік ұстанған біздің ел бір-біріне қол ұшын созып, ұйымшылдық танытады. Балаңды оқуға түсіру керек пе? Ауыл болып ұйысып, қаржылай жылу жинайды. Ел ішінде бір кісі тұйыққа тіреліп, қарыздар бола қалса, оның жүгі бірге емес, дүйім халықа түскен. Тіпті ауыл адамдары үйіңнің шатырын көтеріп, кірпішін де қалып беретін. Нарық заманында бір-біріне ақысыз қызмет көрсету күлкі болып көрінгенмен, бұл дәстүр қазақ өмірінің айнымас бір бөлшегі еді. Мейірім мен жанашырлықтың, бауырмалдық пен ұйымшылдықтың көрінісі болатын. Қазір ше? Қазір бұл дәстүр қолданыста бар ма? Қанат Жолдасбек ізденіп көрді.
 «Асар» ұғымы қайта жанданданып, ел-елде, жер-жерде көрініс беріп жүр. Мәселен, «Жүзімдік» елді мекені аталған дәстүрді берік ұстанып, атадан-балаға дәріптеп келеді. Ұлман Жораева – тоқсандағы енесін бағып отырған жазғызбасты ана. Үйін қызыл жалын шарпып, бір түнде баспанасының күлі көкке ұшқан. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған біздің ел кеңес құрып, бірден іске кіріскен. Нәтижесінде құр қабырғасы ғана қалған ескі үй, 60 күн ішінде қайта түлеп, пайдалануға берілген.  

 ҰЛМАН ЖОРАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ  
 – «Шатырына материалдар алып берді, ішкі жұмыстарының бітуіне Балтабай ағай көмектесті. Одан кейін мына қайныларым бар. Бәрінің атын атай алмаймыз. Біреуі есігін, біреуі кафельін алып беріп жатыр. Барлық қаңылылар жабылып жүріп осы үйді тұрғызып берді.»

 Ауыл адамдарының айтуынша, Келес ауданында мұндай игі шаралар жиі ұйымдастырылады. Құлағанға қол ұшын созып, жығлғанға демеу көрсету мұндағылар үшін ерлік емес, күнделікті қарапайым дағды.

 ҚЫЛЫШБЕК ЕСЖАНОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
 -  «12 ауылдық округ бар. 12 ауылдық округте түрлі жағдайлар болып жатады.» – «Бұл бір Жүзімдік ауылында емес, мұндай жағдай жақында ғана «Бірлік» ауылында да орын алды. Әріптестермен бірге қол көмегін көрсеткен болатынбыз.» – «Абдулла деген ақсақалдың үйі осындай жағдайда болған. Оған ел болып метериалын беріп. Осындай игі шаралар жасалып отырады.»

 ЕРЛАН МОЛДАБАЕВ, МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ
 – «Енді осы тҮлкібас жақта тағы бір ағайындардың үйі жанған екен. Ол жаққа да көмек беріліп жатыр. Осы жақтағылар ол жаққа да көмектесіп, қазір үйдің 70 пайызы аяқталды.»

 Асарға ауыл адамдарынан бөлек, жағдайдан құлағдар болған басқа да азаматтар үлес қосқан. Соның бірі белгілі меценат Балтабай Асанов. «Оң қолым жасаған игі амалды сол қолын білмей-ақ қойсын» деген кәсіпкер сұхбат беруден бас тартты. Жақсының жақсылығын айталық, үлгі болар. Аталған азамат жанған үйді жандандыру үшін ауыл адамдарымен бір қатарда атсалысып, қомақты қаражат құйған. Айтуынша, бұл кәсіпкер демеушілігімен тұрғызылған 4-ші үй. Жұмыстар мұнымен тоқтап қалмайды деп отыр жомарт азамат.