Отырар ауданының орталығы Шәуілдір ауылында орналасқан «Оқсыз» спорт кешенінде дзюдо күресінен жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында облыс чемпионаты өтті. Болашақ мақсаттары айқын өрендер облыстық күрес бәсекесіне жоғары дайындалып келіпті.

Облыстық күрес бәсекесіне 14 ауданнан және Бекзат Саттарханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдердің спорт мектеп-интернат-колледжі мен облыстық №3 олимпиадалық спорт мектебі, 3 клубтың шәкірттерінен құралған жалпы 21 команда, 300 спортшы қатысып, татами төрінде тартысты белдесулер өткізді. Дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында облыстың аға жаттықтырушысы Айдос Отарбаев облыстық чемпионаттық мақсаты мен спортшылардың дайындығы туралы айтты. Алда ел чемпионаты өтеді. Аға бапкердің айтуынша 55 келіде Ернұр Батырғали, 50 келіде Біржан Суиндик, 66 Ислам Абай, 60 келіде Құрбанәлі Оразақынов сынды талантты спортшыларға мол сенім артылып отыр.

 Іріктеу жарысында ұлдар 8 салмақта мықтыларды анықтаса, қыздар 8 салмақта белдеседі. Тартысты күрес бәсекесінде өзінің шеберлігімен ерекшеленген 66 келіде бұған дейін ел чемпионы атанған, Бекзат Саттарханов атындағы мектеп-интернат-колледжінің шәкірті Ислам Абай облыстық чемпионатқа жеңіс үшін келгенін айтып, алдағы жоспарымен бөлісті.

Сонымен қатар, қыздар арасындағы бәсекесінің жеңімпаздары да белгілі болды. Бұл сында 40 келіде Арай Бақытбек, 44 келіде Ұлбосын Абдукаримова, 48 келіде Сымбат Тағай, 52 келіде Ақниет Айнамқұл, 57 келіде Жұлдызай Еркімбай, 63 келіде Аружан Сейітқасым, 70 келіде Салтанат Ахметова, +70 келіде Мерей Серікбай сынды арулар облыстық чемпионаттың жеңімпазы атанды.

Енді жеңімпаз атанған ұлдар мен қыздар 2024 жылы ақпан айынының 23-28 күндері Түркістан қаласында өтетін Қазақстан чемпионатында облыс намысын қорғайды. Жерлестерімізге сәттілік серік болсын.