Нарықтық заман «алма піс, аузыма түс» деп күтіп отырмай, ізденуді, әрекет етуді талап етеді. Алайда әлеуметтік салалар мен бизнестің даму қарқыны артқанына қарамастан, жұмыссыздар саны азаймай отыр. Әрі қоғамда «маған бер, маған көмектес» деген бір психология оянғандай. Кейбіреулер мұны коммунистік сананың сарқыншағы деп те айтып жатады. Түрлі саладағы сарапшылар масылдық мәселесін біздің арнадағы ток-шоуда талқылаған еді. Пікірлерді жинақтаған тілші жалғастырсын.

Студияда спикерлер көбіне ер мен әйелдің жауапкершілігі туралы сөз қозғады. Әсіресе, отбасын бағып, асырамайтын азаматтар талқыға түсті. Бірі ердің басын көрге де, төрге де сүйрейтін әйел десе, ендібірі әр адамның жауапкершілігі өзінде деген пікірді айтты.

Сарапшылардың айтуынша, жұмыспен қамту, халықты әлеуметтік қолдау әр мемлекетте маңызды тақырыптардың бірі. 2023 жылдың I тоқсанында еліміздегі жұмыспен қамту деңгейі 15 жастан асқан халық санына шаққанда 65 пайыз, жұмыс күшінің санына шаққанда – 95,2 пайызды құрады. Ал қазір бұл көрсеткіш 65,5-ке дейін өсті. Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрап отыр. Демек, санға шаққанда жұмыссыздар саны – 453,4 мың адам екен.

Ал халықтың жұмыспен қамтылуын іріктеп зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 2023 жылдың басында Қазақстан экономикасының түрлі салаларында 9 млн адам жұмыспен істейтіні анықталды. Оның ішінде 6,9 млн адам жалдамалы жұмыспен айналысса, қалған 2,1 млн халық өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар. Бұл бұрынғымен салыстырғанда едәуір жақсы көрсеткіш. Үгіт-насихаттың арқасында халық та масылдық психологиядан арылып келеді.