Ойынқұмарларды дәрі-дәрмекпен емдеу мүмкін емес. Шығатын жол – психокоррекция немесе психикалық түрде түзеу. Өкінішке қарай, қысқа әрі оңай, өздігінен бола қалатын ем түрі жоқ. Құмар ойынға құныққандарды қайтару немесе ремиссияға қол жеткізу 9 айдан 1 жылға дейін созылатын көрінеді.

Лудомания немесе құмар ойынға тәуелділік ресми түрде психикалық ауытқу, ауру боп есептеледі. Бұл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымы. Бастапқыда жай ойын боп көрінген дүниеге тәуелділік туындап, адамның соңғы барар нүктесі суицид болуы әбден мүмкін. Сондықтан, мамандар азарттан шығудың бір ғана жолын ұсынады.


Артур Котенко – Тәуелділіктен анонимді арылту жобасының жетекшісі 
- Ойынқұмарлыққа қарсы медикаментозды немесе екпе арқылы ем жүргізу мүмкін емес. Ондай тәсіл әзірге жоқ. Тек бір жолы бар – психикалық түзеу. Бұл өте ұзақ процесс. Бірнеше айдан, бір жылға дейін созылуы мүмкін. Қалыпқа келтіру үшін мықты мамандардан құралған команда жұмылып, жұмыс істейді.

Мұндай психологиялық күйге шалдыққан азаматтардың құтқарушысы көбіне отбасы мүшелері. Ата-анасы, жары мен баласы қарызын жауып береді. Бірақ, аурудан жазылудың ең басты шарты – мойындау. Ал ойынқұмарлардың көбі мұндай күйден шыққысы келмейді.

 Артур Котенко, Тәуелділіктен анонимді арылту жобасының жетекшісі
- Отбасы мүшелеріне де мамандардың көмегі қажет болуы мүмкін. Ең әуелі бұл проблеманы терең зерттеп алуы қажет. Көп жағдайда олар алдын алумен емес, артын жабумен айналысады. Қарызын өтеп береді. Бұл әрекетімен олар керісінше, ойынқұмарды осы іске итермелеп жатады.

 «Лудоман» сөзінің өзі «есі ауысқанша ойнау» дегенді білдіреді. Құмар ойынға құнығатындардың басты мәселесі – мифке сенгендігі дейді сарапшылар. Олар бірден мол байлыққа кенелгісі келеді. Соған жеткенше тоқтай алмайды. Жастардың қаржылай сауатын арттырып, ойлау жүйесіне әсер ету керек екен.

Былтыр анонимді орталыққа 300-ден аса азамат жүгінген. 4-6 ай ем қабылдап, курстан өткен жандардың 70 пайызы ойынға қайта оралмапты. Айта кету керек, еліміздегі ажырасудың 40 процентіне лудомания себеп болады. Былтырғы ашық деректерде  елімізде ойынға тәуелділер саны 36 мыңнан асуы мүмкін делінген.