Түркістан облысында көпқабатты үйлердің қатары артқан. Тұрғындарды баспанамен қамту бағытымен қоса, инфрақұрылым жүйесін дамыту жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі аппаратының басшысы құрылыс алаңдарын аралап, жауапты мердігерлермен жүздесіп, атқарылуы тиіс шаруаларды пысықтады.
Алдымен, аппарат басшысы «Жаңа қала» мөлтек ауданындағы №32 көшенің құрылыс алаңына барды. Ондағы асфальттау, бетондау, жаяу жүргіншілер жолын салу, жарықтандыру жұмыстары 95 пайыз орындалған. Сонымен қатар, №36 көшені аралап, жарықтандыру, жол салу жұмстарына баса назар аударды. Кейіннен, облыс орталығындағы №2 Әкімшілік ғимаратының құрылыс алаңында болып, мердігерлермен кездесті. Бүгінде ғимараттың инженерлік инфрақұрылым жұмыстары, ішкі әрлеу, жиілігі төмен байланыс желілерін тарту, ауа тазартқыш және желдеткіш жүйелерін орнату, сыртқы инженерлік желілерді тарту мен абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нысанды биыл қараша айында пайдалануға берілмек. Бұған бөлек, Яссы көшесіне жол жүріп, ондағы абаттандыру шараларын қайта пысықтады. Аралау жұмыстары қала аумағындағы көпфункционалды атшабар алаңында жалғасты. Нысан 99,3 гектар аумақта орналасқан. Заманауи көпфункционалды кешенде 1 500 орындық трибуна, 10 жылқыға арналған қысқы және 50 жылқыға арналған жазғы қора, 2,5 шақырымды құрайтын атжарыс алаңы, көкпар алаңы, конкур қарастырылған. Нысанды осы жылдың қараша айына дейін пайдалануға тапсыру көзделіп отыр. Құрылыс барысын бақылаған Еркебұлан Дауылбаев жауапты тұлғаларға анықталған кемшіліктерді қалпына келтіруге уақыт берді. «Сақалды құрылысқа» жол берілмейтінін ескертіп, мерзімінен кешіккен мердігерлерге шара көруді тапсырды.