Шымкентте жер учаскесін алу процесінде түйткілдер туындап отыр. Жауапты мекемелердің өзара байланысының әлсіздігі тұрғындардың шағымын көбейтіп жіберген. Мәселе ведомствоаралық жұмыс тобында қаралды.


 «Қала шегіндегі жерлерге құқық беру» қызметін алу кезінде интеграцияның болмауы тұрғындардың арыз-шағымының қордалануына әкелді. Қазір жер қатынастары басқармасында 400-ден аса өтініш қаралмай тұр. Бұған өңірлік геоақпараттық жүйедегі өзгерістер себеп болған. Ақпарат алмасудағы кедергі тұрғындардың құқығын қорғауға кедергі келтіруде. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бұл мәселені көтеріп, шешу жолдарын қарастыруға кірісті. Жыл басынан бері департаментке жүгінген 54 азаматтың мәселесі оң шешімін тапқан.


ҚАНАТ ҚАДЫРБЕКОВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ

Порталдың ауқымы кеңейгендіктен кейбір коммуналдық мекемелер арасында ақпарат алмасу уақытша тоқтап тұр. Сол себепті уәкілетті орган мен коммуналдық қызметкерлердің бірлескен жұмысы қажет. Ең бастысы халыққа көрсетілетін қызметтерді тоқтатпау.