Соңғы жылдары елімізде отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында нақты қадамдар жасалды. Қабылданған жаңа заңнамалық өзгерістер қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттырып, әйелдер құқығын қорғау ісінде оң нәтижесін беруде. Статистикалық деректерге сүйенсек, құқық қорғау органдарына тіркелетін тұрмыстық жанжалдар мен зорлық-зомбылық жағдайлары айтарлықтай азайған. Бұл заңның тиімділігімен қатар, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың жүйелі жұмысының жемісі екені анық.
Әйелдер құқығын қорғау – тек заңдық тұрғыда ғана емес, әлеуметтік, мәдени және психологиялық деңгейде де маңызды бағыт. Осы орайда, Қазақстандағы Әйелдер кеңесінің атқарып отырған жұмысы ерекше назар аудартады. Кеңес мүшелері әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға, олардың білім алып, кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасауға күш салып келеді. Сонымен қатар, кеңес өңірлерде арнайы түсіндірме кездесулер өткізіп, зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсететін орталықтар ашуға бастамашы болды.
Әйелдер кеңесі отбасы институтын нығайтуға, жасөспірімдер тәрбиесіне, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге де басымдық береді. Әсіресе, қоғамда зорлық-зомбылықты болдырмаудың бірден-бір жолы – отбасы мүшелері арасында сыйластық пен түсіністікті қалыптастыру екеніне назар аудартады. Осы мақсатта кеңес жанынан «Отбасылық мектептер», «Ана мектебі» сынды жобалар іске қосылып, жастарды тәрбиелеуде, әйелдердің әлеуетін ашуда айтарлықтай үлес қосып отыр.
Мамандардың айтуынша, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың азаюына құқықтық шаралармен қатар, ақпараттық-ағартушылық жұмыстардың да ықпалы зор. Қоғамдық ұйымдар мен кеңес мүшелері бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, зорлық-зомбылыққа қарсы қоғамдық пікірді күшейтуде.
Жалпы, мемлекет пен қоғамның бірлескен әрекетінің арқасында әйелдердің құқығын қорғау бағытында ілгерілеу бар. Бұл тек зорлық-зомбылықтың азаюымен шектелмей, әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына, олардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал етуде.