ОЛХ, Колеса секілді сайттарда сауда жасайтындар үшін базалық ережелер енгізілуі мүмкін. Бұл жөнінде сауда және тұтынушы құқықтарын қорғау департаментінің мамандары мәлімдеп отыр. Мұндай мүмкіндік тұтынушы құқығына қатысты Заңға енетін өзгерістер арқылы жүзеге аспақ.  

Яндекс мобильді қосымшасы арқылы тапсырысты тасымалдау, такси немесе жеткізу қызметтерін көрсететін, белгілі бір жұмысқа жалданып, еңбек ететін тұлғалар үшін де базалық ортақ ереже қабылдануы мүмкін. Бұл әзірге ұсыныс, дегенмен, нарықтың қажет етіп отырған сұранысы.

 Бұдан бөлек, тұтынушы құқықтарын қорғау Заңына өзгеріс еніп, сот процестерінің уақытын азайту мақсаты көзделіп отыр. Нақтырағы, арыз-шағым беруді 4 сатыдан 2  сатыға ауыстыру жоспарланған. Бұл тұтынушының белгілі бір кәсіпкерден жауап алуын, өз арызын қанағаттандыру процесін жеңілдетіп, уақыт ұтуға мүмкіндік береді. Департамент мамандарының сөзіне сүйенсек, қазір бұл салада заңгерлер де, қоғамдық бірлестіктер де жеткілікті түрде тұрақты жұмыс атқарып келеді. Жаңа Заң жобасы мақұлданып, қабылданса, жұмыс одан әрі жеңілдей түсіп, халық та өзінің тұтынушы ретіндегі құқығына көңіл бөліп, сауаты артады деген үміт басым. Сонымен қоса, қазір «Сапалы өнім» ұлттық жобасы әзірленіп, жүзеге асып жатыр. Бұл дегеніміз – елге тек сапалы тауарды ғана саудалау, керісінше жағдайда жауапқа тартылу. Кәсіпкерлер де қазір өз еркімен бұл іске қолдау білдіріп, келісіп отыр.