Дүние талас, атақ абырой салыстыру, тіпті күнделікті киімді дәулет санау сананың саяздығының белгісі. Жалпы бақталастық бүгінгі қоғамның қасіреті.  Республикалық имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтының директоры Серікбай қажы Ораз жамағатты жалған дүние  жылтырының құлы болмауға  шақырды.

Ордабасы ауданы Қайнар ауылындағы Дүйсенбайұлы Зүбайра мешітіне жұмаға келген жамағаттың қарасы қалың болды. Тұрақты құлшылық етушілермен қосылып қазіреттің уағызын тыңдаймыз деп келгендерде жетерлік. Серікбай қажы жиылған жұртқа отбасылық құндылықтар жайында көркем ойын жеткізді. Айтары бар азамат дінмен дәстүрмен үйлесім тапқан әдеп ғұрпымыз жайындада жанды әңгіме өрбітті.

Серікбай қажы әр адам өзін өзі тәрбиелеу арқылы қоғамды өзгертуге шамасы бар екендігін ұғындыра білді. Себебі адам өзгерсе қоғам өзгереді, қоғам өзгерсе заман өзгереді. Тәрбие тағлымы мол уағыз тыңдаған жамағат ұлыстың ұлы күнінде рухани азыққа тойды. Ауылдың қариялары да арнайы келген қажыға алғысын білдірді.

Ордабасы ауданында 52 мешіт бар. Жыл санап Алланың үйіне келіп құлшылық жасаушылар қатары артып келеді.  Дін қызметкерлері талай игі іске мұрындық болып жүр. Айтқандай аймақтағы  6 ауыл арақсыз ауыл мәртебесін алыпты. Бұл жобаға   ауыл билері ,әкімдер, құзырлы орган қызметкерлері, жалпы  жамағат белсене атсалысқан.

Игі шара аясында  ауыл тұрғыны  осы мешіттің жамағаты Балтабек Сапарқұловқа  умра сапары сертификаты табысталды. Дүйсенбайұлы Зүбайра мешітінде жылда бір адамға осындай сертификат табыстау дәстүрге айналған. Биыл ұлыстың ұлы күнінде Балтабек қарияның бағы жанды.