Түркістан облысының әкімі Отырар ауданына барды. Сапар барысында  бірқатар кәсіптік нысандарды аралады. Дархан Сатыбалды «Отырар Сүт-Ет» кооперативінің жұмысымен арнайы танысты. Түйе сүтін өңдеумен айналысатын өндіріс ошағы аймақты шұбат өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір кәсіпорын. Экспорттық әлеуеті артқан нысанның алдағы жоспарларымен танысты.

Жоба бастамашысы Нұрсұлтан Ахаевтың айтуынша, кәсіпорын тәулігіне 5 тонна түйе сүтін өндіруге қауқарлы. Қазіргі таңда мекемеде 12 адам жұмыспен қамтылған. Облыс әкімі түйе шаруашылығының маңызы жоғары екеніне тоқталып, сұранысы жоғары бұл саланы дамыта түсу керек екенін айтты.

ОТЫРАР АУДАНЫНЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Облыс басшысы Дархан Сатыбалды «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК-на арнайы барды. Іс-сапар барысында Арыстанбаб кесенесіне зиярат жасап, «Отырар төбе» қалашығының жұмысы барысымен танысты. Облыс әкімі ежелден ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің ордасы болған Отырар өлкесінің қазақ өркениеті үшін зор маңызы бар екеніне тоқталып, туристерге танымдық ақпарат беруді, келушілерге сапалы қызмет көрсетуді, туристік әлеуетін одан әрі дамытуды ұсынды. Айта кетейік кесенеге соңғы жөндеу жұмыстары 2004 жылы жүргізілген. Бүгінде археологиялық-қорық мұражайында 24,852 экспонат қоры бар. Жұмыс сапары кесенеден соң «Отырар қалажұрты» туристік нысанында жалғасты.Дархан Сатыбалды қос нысанның да туристік мүмкіндігі жоғары екенін айтып, мемлекет тарапынан тарихи ескерткіштер мен көне қаланы сақтау, қолдау жұмыстары жалғасатынын жеткізді.

«ТҮРКІСТАН-ШӘУІЛДІР» АВТОМОБИЛЬ ЖОЛЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖАЛҒАСУДА

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыстық маңызы бар  «Түркістан-Шәуілдір» автомобиль жолын қайта құру құрылысымен танысып, ондағы жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылады. Құрылыс басында мердігер мекемелердің басшыларымен кездескен Дархан Сатыбалды бұл жолдың құрылысын уақтылы аяқтаудың, сапасына аса мән берудің маңыздылығын айтып, кемшіліктер бойынша тапсырмалар жүктеді.  Аталған жол құрылысына республикалық бюджеттен 39,6 млрд теңге қаралған. «Түркістан-Шәуілдір» жолын қайта құру жобасы 4 кезеңмен жүзеге асады.2022 жылдың қыркүйек айында басталған құрылыс жұмыстарын 2025 жылдың шілде айында аяқтау жоспарлануда.