Биыл Шымкентте 3 мың құрылғы  бейнебақылау камералары орнатылады. Бүгінде қала аумағында 4 мыңға жуық құрылғы бар. Ахау білініп, істен шыққан бақылау құралы мердігерлер есебінен дер кезінде жөнделуде.  Қаладағы жүріс-тұрысты қадағалаушы мамандардың қатары биыл тағы 50 жұмысшыға артпақ.

Шымкент қаласында мекенжай бағдарламасына сәйкес, 3868 бейнебақылау камералары орнатылған. Оның ішінде, 3177 «Сергек» камералары. Бұл бағытта жүйелі түрде жұмыстар атқару нәтижесінде, қаламызда 12855 бейнебақылау камералары Жедел басқару орталығына интеграцияланған.

 Жедел басқару орталығындағы жұмыс та жүйелі. Тәулігіне 40 маман кезекпен жұмыс істейді. Бұған дейін кадр тапшылығы бойынша көтерілген мәселе де оң шешімін тауып келеді.

2024 жылы мекенжай бағдарламасы бойынша бірінші жартыжылдықта 1500 бейнебақылау камераларын орнату жоспарланған. Оның ішінде 1200 қоғамдық қауіпсіздік саласы және 300 жол қауіпсіздік саласы бойынша. Бұдан бөлек, екінші жартыжылдықта қосымша 1 500 камера орнатылатын болады.