Бәйдібекте елді мекендерді көгалдандыру бойынша аймақтық біріктірілген семинар -кеңес өтті. Жарықбас ауылында ұйымшастырлған шараға аудан, қала әкімдері мен орман шаруашылығы мекеме директорлары сондай-ақ, сала мамандары қатысты. 2021-2025 жылдар аралығында аймақта 1,5 млн көшет отырғызу жоспарланған екен.

Мемлекет басшысының Жолдауында жалпы республика бойынша елді мекендерде 15 млн көшет егу тапсырмасы берілген болатын. Осыған сәйкес, 2021-2025 жылдар аралығында Түркістан облысында  1,5 млн көшет отырғызу жоспарланған екен. Бүгінде аталған іс-шара аясында өңіріміздегі 800-ден астам елді мекеннің шамамен 90 пайызын көгалдандыру үшін 4 млн-нан астам көшет егу көзделген. 2023 жылы аудан, қала әкімдіктеріне жалпы 1 милдионнан астам көшет, оның ішінде 101 573 дана гүлді ағаштар тегін үлестірілген болатын. Биыл көктем айларында жоспарға сәйкес 522 935 дана көшет, оның ішінде гүлді ағаштардың 5500 түбі егіледі деп күтілуде.

Өткен жылы Бәйдібек ауданында 45 200 дана ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жоспарланып, толық орындалған. Биыл көктем айларында аудандағы елді мекендерді көгалдандыру бойынша 11 ауылдық округінде 23 300 дана ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жоспарланып отыр екен. Қазіргі таңда Алмалы ауылдық округіне қарасты Жарықбас және Бәйдібек ата елді мекендерінде 4 500 дана арша, 4 500 дана туя книжный, 3 960 жеміс көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Ал, қалған 10 ауылдық округтің аумағында 10 340 дана қара тал көшеттері отырғызылуда.

Семинарға қатысушылар «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты Боралдай филиалындағы тұқымбақты аралап көрді. Онда өндіріліп жатқан көшеттердің түрлері мен атқарылып жатқан жұмыстары таныстырылып, көшеттерді егу және күтіп баптау мәселелері теориялық тұрғыда талқыланып, жан-жақты түсіндірілді.

Айта кетейік, 4 гектарды құрайтын тұқымбақтан өткен жылдың күз айларында Түркістан қаласы және оның айналасындағы ауылдарды көгалдандыруға 39 мыңға жуық көшет үлестірілген болатын. Биыл мекеме тұқымбағында 197 мың дана көшет жайқалып тұр. Қазіргі таңда тұқымбақта стандартты 40,3 мың дана көшет тиісті орындарға жіберуге дайын.