Шымкентте «Театр көктемі - 2024» 1 қалалық кәсіби театрлар фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Мегаполисте  алғаш рет өтіп жатқан бұл фестивальға  6 мәдениет ұжымы өздерінің танымал қойылымдарымен қатысуда.

 Салтанатты шараның алғашқы күні Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында Жұмат Шаниннің ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек арнайы келіп, әртістерді  кәсіби мерекелерімен  құттықтады.

Фестивальдің шымылдығын  Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры М.Мақатевтың «Дариға жүрек» поэтикалық сазды толғауын сахналады. Спектакльді тамашалауға келген көрермендердің қарасы көп,барлығы  мұзбалақ ақынның поэтикалық толғауын тамашалауға асық.

Фестиваль екі күнге жалғасады. Алғашқы күні әзіл-сықақ және сатира театры С.Ванустың «Сұлтанның аты – Сұлтан» трагикомедиясын, Өзбек драма театры Ш.Исаханованың «Тановар» арт-этно фольклорын сахналады. Ал екінші күні Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры В.Гауфтың «Мұрынды ергежейлі» ертегісін, Орыс драма театры Б.Брехттің «Мамаша кураж и ее дети» трагифарсын көпшілікке ұсынбақ. Сондай-ақ, фестиваль аясында «Қазіргі заманауи театр және интерпретация» форумы ұйымдастырылады деп жоспарлануда.

Айта кетейік, «Театр көктемі» – 2024 фестивалі халықаралық театр күніне орай жыл сайын ұйымдастырылатын жаңа қойылымдардың фестивалі. Бұл театрдың аға, орта және жас буынының шығармашылығымен жақынырақ танысуға, көрерменмен байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.