Студенттерді сабаққа кешіккені үшін оқу процесіне қатыстырмай қою – заңсыз. Жатақханаға жатқызбау, орын жеткізбеу де білім алушының құқығын шектейді. Ал оған моральдік немесе физикалық қысым көрсету туралы айтпаса да түсінікті. Мемлекет міндеттейтін грантты өтеу ше? Бұл дұрыс жүйе ме?

Студенттің ең алдымен білім алуға құқығы бар. Альтернативті курстарға бару, оқу орнын, мамандығын ауыстыру, төлем тәсілін өзгерту секілді дүниелерге рұқсат. Оқуға қатысты кітаптар мен өзге де материалдар қолжетімді болуы керек. Өз ойы мен пікірін ашық айтуына да тыйым жоқ. Ең бастысы, ар намысына нұқсан келсе, көніп, қарап отырмауы қажет.

Иә, бұлай өзінің құқығын қорғайтын студенттер жетерлік. Бірақ, кейде білместіктен өз мүмкіндігін пайдалана алмай жатады. Мәселен, жатақханаға тұру, сабақтан тыс жұмыс істеу, қоғамдық іс-шарада белсенділік секілді мүмкіндіктері бар. Мұның бәрін шәкірттер біле ме деп университет алдында жүрген жастарды сөзге тарттық.

Бакалавр, магистрант, докторанттың бәрі мемлекеттік немесе жеке компанияда 3 жыл жұмыс істеп, грантты өтеуі керек. Тек педагогика, ауылшаруашылық, медициналық мамандықта оқитындар ғана өз саласы бойынша жұмыс істеуі қажет. Ал ЖОО студент құқығын бұзса, не істеу керек? Өзін-өзі басқару ұйымына жүгіну; e-Otinish қызметі арқылы Оқу-ағарту министрлігіне арыз-шағым беру; тәуелсіз ұйымдар мен белсенділерге хабарлауға болады.