Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен қоғамдық кеңес отырысы өтті. Онда бірқатар маңызды мәселелер қаралып, А-2 айналма жолын пайдалануға беру мерзімі мен теміржол вокзалын қайта жаңғырту жөнінде сөз қозғалды. Сонымен қатар жаңа әуежай терминалының құрылысы, жол қауіпсіздігі мен азық-түлік бағасын тұрақтандыруға қатысты проблемалар да айтылды.

Жиын барысында қоғамдық кеңес мүшелері қаланы жасыл желекке айналдыру, тұрмыстық қалдықтарды шығару, ретсіз сауда мәселелерін көтерді.

Жиын барысында қала басшысы А-2 айналма жолындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Көлік жүргізушілерінің мазасын қашырған жол құрылысы кезең-кезеңімен атқарылып жатыр дейді Ғабит Әбдімәжитұлы. Айтуынша темір тұрпар тізгіндегендер тегіс әрі кең жолмен 2026 жылдан бастап жүретін болады.

Ғабит Әбдімәжитұлы алдағы уақытта қала көшелеріндегі кептелістер жасанды инттелект арқылы шешілетінін, ирригациялық жүйелерді ретке келтіру бойынша тиісті жұмыстар басталғанын айтты. Айтпақшышаһардың шырайын қашыратын коммерциялық нысандардың бірегей дизайн кодпен ретке келтірілетінін жеткізді. Сондай-ақ коммуналдық мекеменің жұмысын сынға алды.

 Қала басшысы оң нәтижелерге қол жеткізу үшін қоғамдық кеңес отырысын қызу диалог алаңына айналдырып, өзекті мәселелердің шешімін жан-жақты қарастыруды ұсынды. Кадрлық ауыс-түйістерге қатысты туындаған сұраққа жауап берді.

Ғабит Сыздықбеков маңызды мәселелерді дер кезінде көтеріп, олардың оңтайлы шешілуіне атсалысып жүрген қоғамдық кеңес мүшелерін халық игілігі жолында бірлесе жұмыс жүргізуге шақырды.