Сіз балаңызды қандай бала бақшаға жіберіп жатырсыз? Бауыр етіңіздің 9 сағат бойы не ішіп не жейтінін тіпті қандай бөлмеде ойнайтынын білесіз бе? Қалалық қоғамдық кеңестің мүшелері Шымкентте бірнеше бөбекжайды аралап, ондағы жай күймен танысыпты. Айтуларынша жағдай мәз емес. Бір емес бірнеше балабақша санитарлық нормаға сай келмейді екен. Ол аз десеңіз тар бөлмеде 25 баладан жатқызатындары да бар көрінеді. Бұл мәселені кеңес мүшелері қала басшысы Ғабит Сыздықбековпен өткен отырста көтерді.     

Жекеменшік бала бақша саны еселенгелі сапасы сын көтермейтіндері көбейген. Шымкент қаласы қоғамдық кеңес мүшелері осылай деп дабыл қағып отыр.  Себебі 2023 жылдың  қараша айында жүргізілген актуализация бойынша кеңес мүшелері шаһардағы бірнеше мектепке дейінгі ұйымдарды аралаған. Айтуларынша талапқа сай келмейтіндері көп.

Бала қауіпсіздігі бірінші орында болуы керек. Жеке бөбекжайларда гигиена ережелерінің ескерілмеуі, қауіпсіздік стандарттарының сақталмауы ең көп кездесетін мәселенің бірі.  Айтпақшы есік алдындағы сарайын балабақшаға айналдырып жұмысын жандандырғандарда бар екен. Қоғамдық кеңес мүшелері мектепке дейінгі ұйымдарды ашық тексеру үшін қала басшысынан көмек сұрады.

 Шағын және орта бизнеске қатысты тексерулерге мораторийдің енгізілуі кәсіпкерлер үшін тиімді.  Алайда сапалы жұмысқа залалын тигізіп отыр. Өз кезегінде Ғабит Сыздықбеков мәселені майшаммен қарайтынын айтты. Сондай-ақ арнайы тексеру тобы құрылуын тапсырды

Айта өтейік, бүгінгі таңда шаһарда 605 балабақша болса, оның басым бөлігі жекенің басқаруында. Жауаптылар 2023 жылы 590 мектепке дейінгі ұйымды тексерген. Оның 537 талапқа сай болып, 53-і көңіл көншітпейтіні айтылды.