Түркістан өңірінің орталығы мен барлық аудан, қалаларында облыс басшысының ашық форматтағы жеке қабылдауы тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бүгінде  облыс әкімі Дархан Сатыбалды кезекті рет азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініштерін тыңдады. Өз кезегінде тұрғындар толғандырған мәселелерін  ортаға салды.

Қабылдауға құқық қорғау органдарының және облыстық басқарма басшылары мен жауапты аудан, қала әкімдері де қатысып, мәселелердің оң шешімін табуына атсалысты. Өңір басшысы әр тұрғынның мәселесін мұқият тыңдап, оларды тиімді шешу жолдарын түсіндірді және жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.

 Облыс басшысының тікелей қабылдауына жазылғандардың өтініштері сан алуан. Басым көпшілігі әлеуметтік көмек, жер, субсидия сұрап келді. Атап айтқанда, Шардаралық тұрғын көктемгі егін жұмыстарына арналаған жеңілдетілген несиенің қол жетімсіздігін айтып шағымданса, Сайрамнан келген азаматша жұмыс орнын ауыстыру мәселесіне көмек беруді сұрады. Қабылдаудан кейін жаңа ұсыныс бойынша таңдау жасайтынын айтып тарқасты. Ал Қазығұрттық тұрғындар мектептегі күзет қызметінің жекеге өтуін көтерді. Сонымен қатар Қызылқия ауыл округі бойынша суғармалы жерлерге су тапшылығы мен ауданда жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарының сапасы туралы баяндады. Көтерілген мәселенің барлығына  жауапты басқарма мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізді.Тұрғындарды мұқият тыңдаған облыс әкімі әрбір мәселені жауапты тұлғалар жан-жақты зерттейтінін, шешімін тапқанша өз бақылауында болатынын жеткізді. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан түскен әрбір ұсыныс-пікірлер мен өтініштер хаттамаға енгізілді.