Баспана мәселесі қашан да өзекті. Миллионды шаһарда соңғы 5 жылда  тұрғынүй құрылысы қарқын алды. Десек те, пәтер кезегінде тұрған азаматтардың саны азаяр емес. Қазір Шымкентте 51 015 адам үй кезегінде тұр. Олардың дені – көпбалалы отбасылар. Ал, мемлекеттік бюджет есебінен салынып жатқан пәтерлердің сапасы сын көтермейді, дегенді көпшіліктен жиі естиміз. Мердігер компаниялардың жұмысын қадағалап жатқан жан бар ма? Әріптесіміз Гүлсанат Қалмырзақызы құрылыс алаңынан оралды.


Бұл – Асар елдімекені маңындағы Ақжайық шағынауданы. Қазір мұнда көпқабатты тұрғынүй құрылысы қызу жүріп жатыр. Мердігер 8 компанияның қатысуымен бас-аяғы 26 үй соғылуда. Нысандағы құрылысшылар: басты мақсат – сапаға жауап беру екенін айтады. Қалалық құрылыс басқармасынан әр екі күн сайын техникалық бақылаушы мұндағы жұмысты тексереді. «Кейде тіпті,  түнделетіп, ескертусіз келеді дейді, нысан бастығы.   

Арт құрылыс компаниясы 4 үйдің құрылысын жүргізіп жатыр. Жоба қүны 2 млрд, 400 млн. Қазір үйлердің қабырғасы толық көтеріліп, төбесі жабылды. Енді ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал, «Ақ ордасы» серіктестігі 5 қабатты 4 үйдің құрылысына жауапты. «Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр»,- дейді компания өкілдері.

Бір қызығы - мұндағы жұмысшылардың дені – өзбекстандық азаматтар көрінеді. Бұл - мердігерлерге қойылатын талапқа қайшы. Өйткені, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында кәсіпкерлер жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға міндетті. Алайда, бұл межені елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Мұны құрылыстың басы қасында жүрген жауаптылардың өзі жасырмай айтты.


ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 4698 ТҰРҒЫН ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАМАҚ

Елімізде Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бар. Үкімет арнайы бекіткен. Осының аясында өткен жылы қалада мемлекеттік бюджет есебінен 100 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Аумағы 330,4 мың шаршы метр 4306 пәтерлі тұрғын үй құрылысы Тұран, Бозарық, Ақжайық елдімекендерінде атқарылған. Ал, биыл жыл соңына дейін пәтер кезегінде тұрған 4698 азамат қоныс тойын тойламақ.

Былтыр жыл қорытындысымен 127,7 мың шаршы метрді құрайтын 1688 пәтерлі 34 тұрғын үй пайдалануға берілді. Олардың 30-ы — кредиттік, 4-еуі – арендалық пәтер. Сондай-ақ былтыр жұмыс істейтін жастарға 900 пәтер және халықтың әлеуметтік осал топтарына 475 пәтер, жалпы 1375 пәтер нарықтан сатып алынды. Ал, аталған нысандағы 26 үйдің құрылысы мамыр-маусым айында аяқталады. Бұдан бөлек, Бозарық елдімекенінде 36 үйдің және Тұран шағын ауданында 2 үйдің құрылысы жүріп жатыр.