Шымкентте дәстүрлі «Жұлдызай» фестивалі өтті. Шара ерекше балаларға қолдау көрсету мақсатында қолға алынған. Әз-Наурызбен қатар келген мерекеде тағдырдың түрлі тәлкегіне ұшыраған бүлдіршіндер өнер көрсетіп, қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесін өткізді. Бұл күні шығармасымен талайды тамсандырған балғындар арнайы марапатқа ие болды.  

Азиз Дехкамбаевтың жасы 24-те. Ол Әз-Наурыз мерекесін ерекше күтетін жандардың бірі. Өйткені осынау мерекде ол ән айтып, шығармашщылығын паш етеді. Шымкенттегі «Рахмет саған, Анашым» орталығының тәрбиеленушісі бүгінгі шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

Дәл осы өнер додасын мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндердің шектеусіз мүмкіндігі десек те болады. Соңғы жылдары ұйымдастырылып жүрген республикалық «Жұлдызай» мүмкіндігі шектеулі балалар шығармашылығының фестивалі талай қабілетті ұл-қызды қанаттандырды. Өмірге деген, өнерге деген құштарлығын өсірді.

«Жұлдызай» фестивалі − ерекше талап-мұқтаждықтары бар балалар үшін аса маңызды шара. Ерекше туған таланттар шығармашылық қабілетін, спорттық машығын дамыта алады. Алматының көрікті жерлерін өз көздерімен көреді. Өздеріндей балалармен араласып, дос табады. Танымал өнер адамдарымен дидарласады.

Фестивальдің 11 жылдық тарихында оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 36 мыңнан астам бала қатысқан. 7 мыңға жуық бала елордамыздың ең танымал сахналарында өнер көрсетті. Олардың көпшілігі осы жобаны іске асыру нәтижесінде еліміздің шығармашылық жоғары оқу орындарына қабылданған.