Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Бағыс ауылының балалары сан мен санатта жоқ мектепте білім алып жатыр. Өйткені, былтыр қыркүйекте ашылған мектептің ешқандай құжаты жоқ. Құжаты болмағасын білім ошағы еш жерге тіркелмепті. Оның зардабын сонда еңбек ететін ұстаздармен кіші қызметкерлер тартып отыр. Себебі, жаңа мектептің аумағы үлкен. Онда 14 еден жуушы еңбек етуі керек. Қазір онда 3 қана кіші қызметкер бар.  Ал мемлекет бөлетін оқу және тазалық бұйымдарын ұжым өздері сатып алады.

Өткен жылы пайдалануға берілген Ғани Мұратбаев атындағы мектеп ғимаратының жалпы аумағы 1500 шаршы метрге жуық. Талап бойынша аталған аумақты 14 адам күтіп ұстауы қажет. Бірақ білім ошағы тіркелмегесін мұнда ескі мектептегі 3 еден жуушы ғана еңбек етіп жүр. Оларға артық жұмыс істегені үшін қосымша ақы төленбейді.  


Феруза Ерубаева, №23 Ғани Мұратбаев атындағы жалпы орта мектептің кіші қызметкері
- Бізге тринадцатый беру керек екен. Тринадцатый деген бізде мүлде жоқ. Сосын мұғалімдерге комуслуга береді. Бізге бір жыл ғана берді. Одан кейін жоқ. Бізге болмайды екен. Сонда мұғалімдер от жағады да, біз жақпаймыз ба не? Мұздай суға қолымызды батырып жүре береміз ба?

Тиісті төлемдердің төленбеуімен штат сананың аздығын жауаптылар қызметкерлерге жаңа ғимараттың тіркелмеуімен байланысты деген. Бірақ, биыл мектепті облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тексеріп 1 млн теңгеге жуық айыппұл салып үлгерген.

Әбидолла Құсайынов, Мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары
- 830 мың теңгені біз өзіміз төлей алмаймыз. Оны аудандық білім бөлімінен төлеуі керек. Ал білім бөлімі айтады біз сіздерге айыппұлды төлей алмаймыз. Мектеп әлі білім бөлімінің балансына өткен жоқ. Біз әлі оны толық қабылдаған жоқпыз дейді. Сонда енді ауда тұрған мектепке айыппұл сала беруге болатынын біз түсінбей тұрмыз. Ал құзыретті органдар төлейсіздер деп отыр. прокуратура.

Бұл мәселеден аудандық білім бөлімі де хабардар. Бірақ, ондағылар қолымыз келте деп отыр. Айтуларынша, барлығы Бағыс ауылындағы қиындық кадастырлық базаны бірыңғай жүйеге көшіру кезінде  туындаған. Оның нақты қашан шешілері әзірге белгісіз.   

Дәулет Ақатов, Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы
- Мектептің тех паспортын шығару үшін қазіргі таңда кадастырлық құжаттары дұрыс болмауына байланысты сәл кедергі болып тұр. осы оқу жылының аяғына дейін біз тиісті техникалық құжаттарының бәрін алып, тиісті мамандармен қамтамасыз етеміз деп ойлаймын.

Айтып өту керек, Бағыс ауылында құжаты жоқ жалғыз мектеп емес. Ауылдағы 100-ге жуық үйдіңде жағдайы осы. Қазақ-Өзбек шекрасының түбінде орналасқан ауылда шекараны нақтылау әлдеқашан аяқталғанымен ауыл әлі Қазақстан картасына толық енбеген тәрізді.