Елімізде 90 мыңнан астам азамат өзін банкрот деп  жариялауға өтінім білдірсе, оның 10 мыңнан астамы банкрот деп дарияланған. Бұл туралы қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері «жалпыға бірдей декларациялау» және «жеке тұлғалардың банкроттығы» бойынша өткен көшпелі семинарда мәлімдеді.  Семинар кеңесте мемлекеттік кіріс органдары қанша азаматтың мүлкі жарияланғаны жөнінде де ақпар таратты. Ендеше еліміз бойынша кім жалпыға бірдей  декларациялауға қатысады?

Жалпыға бірдей декларациялау елімізде 2021 жылдан бастап қолға алынды.  Алдымен № 250-ші «Кіріс декларациясы» тапсырылды – бұл «Активтер мен міндеттемелер туралы бірінші декларация». Кейінгі жылдары 270-ші кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыру көзделген. Ал еліміздің қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті,  жергілікті кіріс органдарына мүлікті жариялаудың жолдарын түсіндіріп, азматтармен қалай жұмыс жүргізуі керектігін ұғындыру мақсатында көшпелі семинар кеңес өткізді.

Жыл басынан Қазақстанда 3 миллионға жуық азамат мүлкін жариялаған. Ал  Шымкент қаласы бойынша 1 миллион 800 мың азамат жалпыға бірдей декларациялауға қатысуы керек болса, бүгінде оның 130 мыңға жуығы мүлкін жариялап үлгерген.

Дина Құсайнова, ҚР ҚМ МКК жеке тұлғалардың табыстарын әкімшілендіру басқармасының басшысы
- Биыл бизнесмендер, жеке кәсіпкерлер мен компания басшылары, сондай-ақ олардың жұбайлары жалпыға бірдей декларациялауға қатысады. Бұл декларацияда Қазақстанда тіркелген жылжымалы және жылжымайтын мүлік, оның ішінде гараждар, жер учаскелері, саяжайлар, үйлер, автокөліктер, прицептер көрсетілмейді, өйткені бұл ақпаратты уәкілетті органдарда бар, мемлекет оларды көріп тұрады. Декларацияда Қазақстандағы банк шоттары да көрсетілмейді, өйткені мемлекет олар туралы біледі, оған тек шетелдегі шоттар туралы ақпарат қана қажет. Егер шетел банк шотында 1000 АЕК-тен астам ақша жатса, ол декларацияда көрсетілуі керек, ал егер 1000 АЕК-тен аз болса, онда көрсетпеуге болады.

 Сонымен қатар, бүгінгі таңда халықтың шамадан тыс несиеленуі және әрбір экономикалық белсенді азаматтың қаржылық сауаттылығын арттыру қажеттілігі өзекті мәселе болып отыр. Осы проблеманы шешуге бағытталған құралдарының бірі  «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңы. Көшпелі кеңес отырысында осы заңды іске асыру барысында туындаған мәселелер мен оларды шешу үшін қабылданған іс-шаралар және заңнамаға енгізілетін толықтырулар мен өзгертулер туралы айтылды.

Сондай-ақ елімізде банкрот мәртебесін алуға өтініш қабылдау жалғасып жатыр. Осы уақытқа дейін 90 272 азаматтан өтініш түскен. Оның ішінде 10 мың жеке тұлғаның талап-тілегі расталған. Ал Шымкент қаласы бойынша 4400 аса азамат өзін соттан тыс банкрот деп жариялауды өтінген.

Ал сот банкроттығы мен  төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәртібін қолдануға 2 381-ге жуық азамат жүгінген. Оның 111-і бойынша шешім қабылданып, Шымкент тұрғындарына қатысты екі азаматтың өтініші расталған.