Елімізде лудоманиядан емделудің екі жолы бар. Амбулаторлық және стационарлық. Бірінші жағдайда емделуші өз еркімен психологқа барады. Екінші жағдайда емханаға жатып, жарты жылдай ем қабылдайды.

Сондай-ақ ел азаматтары мен Қазақстанда тұрып жатқан шетелдіктер 6 айдан бір жылға дейін өзінің құмар ойындарға қатысуын ерікті түрде шектей алады. Ол үшін Еgov mobile қосымшасы арқылы «Спорт» бөлімін таңдап,  құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуды шектеу сервисінен мерзімін белгілеу керек. Кейін «Тапсырыс беру» батырмасын басасыз. Өтінімді әр азамат өзі беруі тиіс. Үшінші тұлға араласа алмайды.