Түркістан облысына жұмыс сапарымен ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев келді. Іссапар барысында вице-министр аймақтағы бірқатар өнеркәсіп орындарын аралап, кәсіпорын иелерімен кездесті. Өңірдің инвестициялық климатын жетілдіру жолдарын талқылап, бизнес өкілдерінің ұсыныстарын тыңдады.
Қайрат Төребаев, алдымен, облыс аумағында орналасқан Өндірістік паркте болып, бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Түркістан облысы халқының негізгі табыс көзі – ауыл шаруашылығы. Сондықтан көкөніс сақтайтын заманауи қойманың қажеттілігі зор. Сауран ауданында орналасқан бұл қоймада маусымына 4000 тонна көкөніс сақталады. 35 адам жұмыспен қамтылады. 1 гектар аумақты алып жатқан нысанның көлемі 3264 шаршы метрді құрайды.
Одан соң вице- министрге су үнемдеу құрылғыларын шығаратын «BNK Group LTD» ЖШС жұмысы таныстырылды. Мекемені ашудағы мақсат - жаңа технологияның көмегімен су үнемдей отырып, өнім көлемін арттыру. Биыл облыста су үнемдеу технологиясын қосымша 22 мың гектарға ендіру жоспарланған. Кейіннен вице-министр Өндірістік парк аумағында орналасқан жиһаз шығаратын кәсіпорында болды. «Ақниет Holding» толық өндірістік циклі бар отандық жиһаз компаниясы. Мұнда жылына 34 мың жиһаз және 24 мың мектеп партасы шығарылады. Бұл жоба ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейтуге ықпал етпек. Сонымен қатар Қайрат Төребаев түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын зауытта болды. Түркістан қаласының маңында орналасқан «Golden camel» зауытының өнімдері экспортқа негізделген.
Осы күні вице-министр өңірдің бизнес өкілдерімен еркін форматта кездесу өткізді. Ол Министрлік тарапынан салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Жергілікті кәсіпкерлер бизнес жүргізу үшін қалыптасқан жағдайды одан әрі жақсарту бойынша ұсыныстарын білдіріп, отандық кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа механизмдерін енгізу мүмкіндіктерін қарастыру туралы өтініштерін айтты.