Түлкібас ауданында 48 отбасыға жаңа пәтер кілті табысталды. Олардың ішінде ата-ананың қарауынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар мен жас отбасылар бар. Мемлекет тарапынан халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қолдаудың нәтижесі жыл басынан 104 отбасы баспаналы болды.


Баспаналы болғандардың қатарында 7 баланы тәрбиелеп, өсіріп отырған Сұлушаш Нұрымбетова да бар. Алтын құрсақты ана үй кезегінде 2018 жылдан бері тұрған. Бүгін үш бөлмелі жаңа үйдің кілтін алды.


СҰЛУШАШ НҰРЫМБЕТОВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА

«Үй кезегіне 2018 жылы көпбалалы ана ретінде тұрған болатынмын. Бүгін міне Мемлекетіміздің қолдауымен және бала-шағамның несібесіне орай үш бөлмелі пәтерге қол жеткізіп отырмын. Барша бүгінгі қоныс тойын тойлағалы отырған көршілерімді жаңа үйлерімен құттықтаймын. Және де үйге қол жеткізе алмай жүрген жандарға жұғысты болсын дегім келеді»-


Бүгінгі таңда ауданда тұрғын үй кезегінде 3250-ден астам азамат болса, соның ішінде бүгін 48 азамат жаңа баспанаға қол жеткізді. Оның ішінде ата-ананың қарауынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар мен жас отбасылар бар. Салтанатты рәсім барысында жаңа қоныс иелерін аудан әкімі Аскар Естібаев пен аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсенбаев арнайы құттықтап, қоныс иелерінің қуаныштарымен бөлісті.


Наурыз айында аудан орталығындағы «Нұршуақ» мөлтек ауданында 56 жаңа пәтер кілттері үй кезегінде жандарға табысталған болатын. Бүгін тағы 48 отбасы қоныс тойын тойлады. Осылайша биылғы жылы 104 түлкібастық жаңа баспанаға қол жеткізіп отыр. «Бұл бағыттағы жұмыстар осымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта жалғасын табады»-деді, аудан әкімі Асқар Естібаев.