Оңтүстік телеарнасының 35 жылдығына – 35 игі іс. Бастама аясындағы оңды істер жалғасып жатыр. Бүгін ұжым Шымкент қаласының білім басқармасының Өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығына барды. Қамкөңіл бүлдіршіндерге сыйлық жасап, көңілдерін көтерді. Мерекелік кеште жас өрендер ұлттық ойындар ойнап, цирк тамашалады.


 Биыл Оңтүстік телеарнасына – 35 жыл. Аймақтың ақпарат айнасына айналған арна мерейтой аясында «35 жылдыққа – 35 игі іс» атты әлеуметтік жобаны қолға алды. Бастама ясындағы кезекті іс-шара «Балаларды қорғау күніне» арналды. Телеарна ұжымы қиын жағдайда өмір сүріп жатқан балаларды қолдау орталығына арнайы барып, кішкентай жүректерге қуаныш сыйлады.


САЛАМАТ ОМАШ, OŃTÚSTIK ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

1-маусым балаларды қорғау күніне орай, әрі телеарнаның 35 жылдығы аясында осы балаларға көмек қолын созуға арнайы келіп отырмыз. Балаларға дайындаған сыйлығымыз бар.


Балғындар үшін бұл күн ерекше есте қалары анық. Олар асық атып, арқан тартысып, қазақтың ұлттық ойын түрлерінен сайысқа түсті. Ал қонақтар әкелген тәтті торт пен балмұздақ мерекенің шынайы мәнін келтірді.


ФЕДУКИН ВАГИШ, ОРТАЛЫҚ ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ

Бүгін біз балмұздақ жедік. Торт болды, маған ұнады. Доп ойнадық. Өте қуаныштымын. Тағы келіңіздер.


Телеарна ұжымы ақпарат таратып қана қоймайды. Мұнда нағыз жүректерге жылулық сыйлайтын мамандар жұмыс істейді. Ынтымағы ұйысқан қызметкерлер орталыққа қажетті техникалық құрал-жабдықтарды, ойыншықтар мен көрнекіліктерді сыйға тартты. Балалар да қарап қалмады. Сый көрсетіп, сыйлығымен келгендерге өз алғыстарын концерттік бағдарлама арқылы білдірді. Көңілді ән мен биден бөлек, жүректен шыққан өлең жолдары көпшілікті толқытпай қоймады.


МАРЖАН КАНТЕЕВА, ОРТАЛЫҚ ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ

 Болашақта актриса болғым келеді. Сол мамандық бойынша оқимын. Осы орталық маған ұнайды. Біз бұл жерде өзімізге керектінің бәрін ала аламыз.


Айтып өтейік, Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты Өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығында 110 бала тәрбиеленіп отыр. 4 пен 18 жас аралығындағы жеткіншектердің білімі мен шығармашылығын қалыптастыруда барлық жағдай жасалған. Биыл орталықта 9 сыныпты 22, 11 сыныпты 10 оқушы тәмамдап отыр. Балғындардың Халықаралық, Республикалық додалардағы көрсеткіштері де көңіл көншітеді.


ЛАУРА ЖАРЫЛҚАПҚЫЗЫ, ӨМІРЛІК ҚИЫН ЖАҒДАЙДА ЖҮРГЕН БАЛАЛАРДЫ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

 Бұл жэердегі балалардың жағдайы өте жоғары. Олардың Республикалық байқаулардағы көрсетіп отырған көрсеткіштері де бір төбе. Ауызтолтырып айта аламыз. Олардың шығармашылығын қалыптастыруда тәрбиешілеріміздің де еңбекі орасан.


 МҰХАМЕДӘЛІ ГАЛТАЕВ, ОРТАЛЫҚ ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ

Біз волейболдан турнирде жеңімпаз болдық. Көптеген жеткістікке жетіп жатырмыз. Бүгінгі сайыстар да өте керемет болды. Бір қуанып қалдық.


Жылдар бойы аймақ тұрғындарының сенімді серігіне айналған телеарна ұжымы мерейлі 35 жылдықты мазмұнды әрі мәнді шаралармен атап өтуді жалғастыра бермек. «Оңтүстік» телеарнасы – жаңалық жаршысы ғана емес, жүректерге жылулық ұялатар ізгілік ордасы екенін тағы бір дәлелдеді.