«Шалқар термесі – 2024». Шалқыма шабытты ақын Шалқар Әбішұлы көзі тірі болғанда биыл 80 жасқа толар еді. Терме жанрын жаңғыртқан руханият жанашырының құрметіне Шымкентте термешілер байқауы өтіп жатыр. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен жыршы-термешілер қатысып, бақ сынауда. Бүгін Жастар орталығында өнер додасының түңлігі түрілді.
Шалқар Әбішұлы 1944 жылы Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Қошқар-Ата ауылында дүниеге келген. Бірнеше өлеңдер мен термелер жинақтарының авторы. «Рух пен тән саулығы», «Аштықты ұстау – денсаулық кепілі» сынды басқа да кітаптары жарық көрген.
Республикалық «Шалқар термесі-2024» термешілер байқауы осымен үшінші мәрте ұйымдастырылуда. Жарысқа әр аймақтан 20-дан астам үміткер қатысып, бақ сынамақ.
Термешілер байқауын тамашалауға танымал тұлғаның ұл-қыздары, зиялы қауым өкілдері мен Қазақстанның бір топ өнер жұлдыздары келді. Ал, Қазылар алқасының құрамында Қанат Айтбаев, Ұлықпан Жолдасов пен Бекарыс Шойбековтер бар. «Әке аманатына қиянат жасамай, өскелең ұрпаққа терме өнерін насихаттау ұрпақ алдындағы міндетіміз»,- дейді Шалқар Әбішұлының төл перзенті Серік Шалқарұлы.
Жүлде қоры – 20 млн. теңге. Ал, бас жүлде – су жаңа автокөлік. Аяжан Шынберген - көмейіне бұлбұл ұя салған әнші. Ол шабытты ақынның атындағы байқауға Ақтөбе облысының намысын арқалап келді.
«Шалқар термелері» байқауына ақынның өзі көзі тірісінде-ақ ұйыт-қы болған. Тіпті халықаралық дәрежеде ұйымдастырылған. Ол кісі халықты, әсіресе өскелең ұрпақ – жастарды адамгершілік қасиеттерге үнемі үндеп отырудан жалықпады»,-дейді көзкөргендер. Ал, бүгінгі байқауда үміткерлер ақын шығармаларын шабыттана орындады.
Терме додасы екі күнге жоспарланған. Ертең ақтық сайыс шаһардағы Жастар орталығында жалғаспақ.