Ауыл шаруашылығы министрінің 11 маусымдағы бұйрығымен 31 тамызға дейін ел аумағынан, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге қант әкетуге уақытша шектеу енгізілді.
Шектеу Қазақстан аумағы арқылы халықаралық қант транзитіне, сондай-ақ, ел аумағы арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына қант тасымалдауға қатысты қолданылмайды. Бұйрық 2024 жылғы 14 маусымнан бастап күшіне енді. Айта кетейік, жазғы кезеңде ішкі нарықта қант тұтынудың халық тарапынан да, индустриялық тұтынушылар тарапынан да өсетіні байқалады. Осыған байланысты қант әкетуге уақытша тыйым салу ішкі нарықты қамтамасыз ету және оның кері экспортын болдырмау мақсатында енгізілген.
"Тұтастай алғанда қазір елдегі қор қант қызылшасының жаңа өнімі басталғанға дейінгі сұранысты қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Бұдан бөлек отандық зауыттар қант өндіру үшін үшінші елдерден қамыс шикізатын әкеледі. Қазір министрлік өнеркәсіптік қайта өңдеу үшін шикі қантты бажсыз әкелуге өтінімдер қабылдауды жалғастырып жатыр", - деп жазылған хабарламада.