Кадр тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тарту бойынша арнайы бағдарлама жүзеге асып жатыр. Оған қатысуға құжат қабылдаудың бірінші кезеңі аяқталды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитеті хабарлады.


Бағдарлама Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстарында жүзеге асырылып жатыр. Аталған аймақтарға математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі мұғалімдері қажет. Онда педагогтерді қолдаудың бірқатар шарасы қарастырылған. Яғни 150% дейінгі мөлшерде ынталандырушы қосымша ақы төленеді, сондай-ақ арнайы бағдарламаға қатысушы ЖОО түлектеріне «педагог-модератор», ал «педагог-сарапшы» мен «педагог-зерттеушіге» бір саты жоғары біліктілік санаты беріледі.


ҚАНЫБЕК ЖҰМАШЕВ ҚР - ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ ОРТА БІЛІМ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

«Конкурсқа тиісті бейіні бойынша жоғары педагогикалық, жоғары кәсіптік білімі бар және біліктілік санаттары бар педагогтер, сондай-ақ оқу үлгерiмi жақсы жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарының түлектерi тұрғылықты жеріне қарамастан қатыса алады. Байқаудан іріктеліп, төрт облыстың біріне қоныс аударған мұғалімдердің балалары балабақшада, орта мектепте орынмен қамтылады және олармен еңбек шарты 5 жылға жасалады».


Байқау екі кезеңнен тұрады: компьютерлік тестілеу, эссе жазу, сондай-ақ әңгімелесуден өту. Тестілеу мен эссе жазу онлайн форматта еліміздің 17 өңірінде Назарбаев зияткерлік мектептерінің базасында қатысушының таңдауы бойынша қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде өтеді. Мұғалімдерді бос лауазымдарға тарту үшін тиісті өңірлердің облыстық білім басқармалары жанынан үйлестіру кеңестері, сондай-ақ министрлік жанынан конкурстық комиссия құрылады. Бірінші кезеңнің нәтижесі бойынша 45 адам құжат тапсырды.