Орталық референдум комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина биыл 6 қазанда АЭС салу мәселесі бойынша өтетін референдумда қанша қазақстандық дауыс беретінін айтты. Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерінің өкілдері ұсынған мәліметтері мен есептеріне сәйкес, жергілікті атқарушы органдар республика бойынша тізімге 12 миллион 244 мың 683 азаматты енгізді.
 «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның нормасымен дауыс беруге арналған бюллетеньдер учаскедегі сайлаушылардың жалпы санының 1 пайызы резервімен учаскелік референдум комиссияларына жеткізілетіні белгіленген. Демек, 12 миллион 367 мың – 138 дана дауыс беруге арналған бюллетень дайындалуы керек. Айтып өтейік, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның нормасында дауыс беруге арналған бюллетеньдер учаскелік референдум комиссияларында дауыс беруге 3 күн бұрын, кемінде 1 күн бұрын жеткізілетіні белгіленген.