Кентаудағы жылу электр орталығының жөндеу ісі кезекті рет тексерілді. Облыс әкімі «Кентау Сервис» №5 мекемесіне арнайы барып, жұмыс барысымен танысты.
 Қазіргі кезде 6 қазандықтың қайта жаңғыртылып жатыр. Екеуінің жұмысы 30 тамызда бітсе, тағы екеуі қыркүйек айының соңында аяқталады. №7 және №12 қазандықтардың қайта құру жұмыстарын қараша айының соңына дейін аяқтау көзделген. Бұдан бөлек, 2 қазандыққа ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылуда. №5 қазандықты жөндеу бюджет есебінен, №6 қазандықты жөндеу демеушілер есебінен іске асырылып отыр. Жұмыстардың мерзімінде әрі сапалы аяқталуы қатаң бақылауға алынған.
Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік-жекешелік әріптестігі тетігі арқылы 240 МВт жаңа газотурбиналық электр станциясының құрылысы жобасын іске асыру үшін үш жақты келісімге қол қайылып, Жол картасы бекітілді. Айтып өтейік, Кентау қаласының жылу электр орталығының іргетасы 1934 жылы қаланып, жабдықтары 1952 жылы орнатылды. Қала бойынша жылу тұтынушы 3255 нысан бар болса, жалпы абоненттер саны –16 мыңға жуық.