Түркістанда қазығұрттықтардың өнері паш етілді.  Дәстүрлі «Өнерлі өлке» фестивалі аясында киелі мекен жұрты әннен шашу шашып, ұмыт болған дәстүрді насихаттады. Өнер, білім, мәдениетпен қатар әжелер ұршық иіріп, қонақтарға дәмді асын ұсынды. Өткенді бүгінмен жалғастырған мәдени кешке біздің түсірілім топ та қатысып қайтты.
Қазығұрттың басында кеме қалған. Ол киелі болмаса неге қалған? Атадан қалған осы сөз қасиетті мекеннің киесін ұғындырып тұрғандай. Әлімсақтан қазақтың ұлттық салтын сақтауда көш бастаған аудан жұрты бұл жолы облыс орталығын думанға айналдырды.
БАУЫРЖАН БЕГАЗОВ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ САРАЙЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
- Қазығұрт ауданынан шығатын өнімдерді әкеліп отырмыз. Оның өзі бір төбе болып келді. Осындай мерекелер көп болсын, түркістандықтар көптеп қатысса екен дейміз осындай фестивалдерге
 2 күнге жалғасқан шарада ән-бимен қатар құсбегілер өнер көрсетті. Жеткіншектер түрлі спорттық сайыста күш сынасып, ой жарыстырды. Әжелердің дәмді тағамы ұсынылып, ұршық иіру, құрақ құрау мен күбі пісудің әдіс-тәсілдері көрсетілді. Аға буын кітап көрмесін ұйымдастырып, жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын дәріптеді.
АЙТУБАЙ РАЙЫМБЕК, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫ ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН КІТАПХАНАЛАР ЖҮЙЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
  - Мәдени-әдеби кітаптарымызды алып келіп отырмыз. Қалау Бектұрсынов, М.Әбдәкімнің шежірелерін әкелді. Қазығұрттан қанат қаққан қаламгерлердің туындыларын алып келдік. Кітапханашыларымыз өнерлі. Сурет салады, хорда ән айтады. Түркістан жеріне бар өнерімізді көрсетеміз деп арнайы келіп отырмыз.
 «Өнерлі өлке» фестивалі Түркістан облысы аумағында сәуір айында шымылдық түрген-ді. Әр сенбіде ауыл-аймақтан келген ағайын рухани астанада жергілікті жердің мәдениетін паш етіп жүр. «Кереуен сарай» кешенін әнмен көмкерген кештер әлі де жалғасатын болады.