«Қазақ пен өзбек боксындағы бәсекелестік тек ринг ішінде болуы шарт». Қос елдің спорт саласына жауапты мамандарын бірлесе жұмыс істеуге шақырған өзбекстандық жаттықтырушы Толқын Қылышев осылай деді. Париж олимпиадасында 5 алтын медаль еншілеген құрама жетекшісі қазақстандық әріптестерімен тәжірибе алмасуға ниетті екенін айтты.
  Өзбекстандық жатықтырушы екі ел арасындағы бірлескен оқу-жаттығу жиындарын көбірек өткізуді ұсынды. Парижде өткен олимпиада ойындарында тарихи нәтижеге қол жеткізген өзбек боксшыларының жетістігіне қазақстандық жанкүйерлер де қуанды. Оның ішінде ақындарымыз арнау айтып, тілектестік ниетін жеткізді. Ақындардың ізін жалғаған қазақстандықтардың тағы бір легі Олимп шыңын бағындырған бауырлас елдің спортшыларына шапан жауып, құрмет көрсетті.
БАХАДҮР ЖАЛОЛОВ, БОКСШЫ, ЕКІ ДҮРКІН ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ
Қазақстандық меймандардың сый-құрметіне рақмет. Мен көрші елдің боксшыларымен әрдайым қарым-қатынастамын. Ағайынды Оралбай және Қамшыбек Қоңқабаевпен жиі хабар алмасып тұрамыз. Олимпиада алдында Шымкентте өткен оқу-жаттығу аясында олар бізді арнайы қонақ қылған еді. Әуесқойлар арасында бір-бірімізге қарсылас болдық. Енді бәрі басқаша. Бұдан былай тек доспыз.
Жалпы өзбек боксында бір кездері 4 олимпиадада алтын болмаған. Бас бапкер Толқын Қылышевтің айтуынша, ол кезде ел ішінде жастарды шыңдайтын жарыстар сирек өтетін. Сондықтан Баһадүр Жалолов бастаған шәкірттерін Қазақстандағы турнирлерге жиі қатыстырып, тәжірибе жинақтады. Қазір сол жігіттердің дені әлем және олимпиада чемпионы атанып отыр.
 ТОЛҚЫН ҚЫЛЫШЕВ, ӨЗБЕКСТАН БОКС ҚҰРАМАСЫНЫҢ БАС ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ
Менің шәкірттерім қазақ боксының арқасында өсіп-жетілді. Сол жерде өткен көптеген турнирге қатысып, мол тәжірибе жинақтады. Біз үшін Қазақстан қаншалықты күшті болса, соншалықты пайдалы. Мұны әрдайым айтып жүремін. Қазір біздің бокс жоғары нәтиже көрсетіп жүрсе, келешекте осындай бәсекелестіктің арқасында Қазақстанның жетістігі жақсара түсуі ықтимал. Анығында біз боксты бірлесіп қана дамыта аламыз. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп, бірлескен жаттығуларды жиі өткізіп тұрсақ нәтиже жоғары болады.
 Өзбекстан бокс құрамасында екі кубалық бапкер қызмет етеді. Олар жергілікті спортшылардың техникалық және тактикалық тұрғыда шыңдалуына жауапты.