Айтып келмейтін табиғи апаттан қорғанып, оған қарсы түсінік қалыптастыру әрбір қоғам мүшесіне қажетті. Кенеттен дауыл тұрып, жер сілкінсе, өрт шығып, толассыз жауын құйса не істемек керек? Төтеншеліктер мұндайда үрейге бой алдырмай, салқынқанды шешім қабылдау маңызды деген кеңесін айтады. Осылай деген тиісті мамандар мегаполис оқушыларын онлайн жүйеге тоғыстырып, табиғи апаттардан қорғану тәсілдерін түсіндірді.
 Оқушылардың кезекті дәріс күні әдеттен тыс басталды. Бүгінгі сабақ, кестеде көрсетілген пән бойынша емес, қауіпсіздік ережелері негізде өтті. Мұғалімдер орнын төтеншеліктер алмастырып, сағат бойы сақтықты насихаттады. Интерактивті сабаққа қала аумағындағы басқа да оқушылар онлайн қосылып, аға буын айтқан ақпаратқа тапжылмай құлақ түрді.

НҰРЖАН ҚАРАКӨЗОВ, ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
 – «1-4 сынып оқушыларына түсінікті болатын етіп бөлек ақпарат дайындадық, 4-8 сынып бөлек, 8-11 сынып бөлек слайд, бейнероликтер әзірледік»

Арайлым Әшірбек – 8 сынып оқушысы. Бұған дейін де осы сынды сабақтарға ұдайы қатысып, қауіпсіздік жайлы түсінік қалыптастырған өрен – дәрістің пайдалы болғанын айтады. Сөзінше, апаттың болмағаны жақсы, бірақ ол ескертіп, есік қағып келмейді. Сондықтан сақтық шараларын қалыптастырған жөн.

 АРАЙЛЫМ ӘШІРБЕК, ОҚУШЫ
 – Бүгін бізге жер сілкінісі туралы сабақ өтті. Өте пайдалы, қажетті дәріс болды. Апат кезінде саспай, қауіпсіздік ережелеріне сай әрекет ету қажет екен» -

Айта кетейік, шара аясы оқушылармен ғана шектелмейді. Жуырда ғана төтеншеліктер білім басқармасымен бірлесе отыра, 1200-ден аса мұғалімге қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Сабақ алған оқытушылар енді өз білімдерін жас өренмен бөліседі деп жоспарланып отыр.