Шымкентте әлеуметтік көмек алушылар саны 30,7 пайызға азайған. Бұл аймақта азаматтардың еңбек нарығындағы белсенділігі артқанын байқатады. Әрі мемлекетке алақан жаймай, көмекті тиімді пайдаланғандардың көбейгенін көрсетеді. Тиісінше жұмыспен қамту деңгейі де артқан. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингінде айтылды.
2023 жылдың сәйкес кезеңінде 12 703 отбасы әлеуметтік көмек алған. 2024 жылы бұл көрсеткіш 8 801 отбасыға дейін төмендеген. Мұның басты себебі – жұмыссыздықты төмендету, азаматтарды еңбек нарығына тарту және әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігін арттыру болып табылады.
ЖАНАТ ӨТЕБАЕВА, ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Атаулы әлеуметтік көмек алушыларға ақшалай төлемдер тағайындалады. Әлеуметтік көмек шеңберінде, бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөлшерінде төлемдер қарастырылған. 2024 жылы 8 221 отбасындағы 15 541 балаға бұл төлемдер жасалды.
2024 жылдың 11 айында Шымкент қаласында жұмыссыздықпен күресу және тұрғындарды жұмыспен қамту шаралары жоғары деңгейде орындалған. Мамандар 30 207 адамды жұмыспен қамтуды жоспарласа, қазірдің өзінде 28 813 адам екі қолға бір күрек ұстаған. Жоспар 94,4%-ға орындалып отыр.
БАҒДАТ АРҚАБАЕВ, ЕҢБЕК МОБИЛЬДІЛІГІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Қысқа мерзімді кәсіптік білім беру бойынша 3 732 адамды оқыту жоспарланған болатын. Нәтижесінде 3 376 адам оқуға жолданды, бұл 90,5%-ды құрайды. Олардың ішінде, 92 адам кәсіби біліктілікті тану (ваучер оқуы) бағдарламасына,157 адам жұмыс берушілердің жұмыс орнында кәсіптік оқытуды таңдаған.
2024 жылдың ІІІ-тоқсанына арналған кедейлік шегі 36 637 теңге деп белгіленген. Бұл күнкөріс деңгейінің 70%-ын құрайды. АӘК мөлшері жан басына шаққандағы орташа табыс пен белгіленген кедейлік шегінің арасындағы айырма ретінде есептеледі.