ОҚО және Шымкент қаласының құрметті азаматы Валентина Куликова 80 жаста. Медиа майталманы мерейлі жасында мегаполис тұрғындарымен кездесті. Жиынды өзі қызмет істеген мәдениет саласы қызметкерлері мен журналистер ұйымдастырып отыр.
Валентина Куприяновна Куликова 1944 жылы 11 мамырда Ресейдің Пермь облысының Шахтный кентінде туған. Мектептен кейін Шымкент педагогикалық институтының орыс тілі және әдебиеті факультетін бітірген. Мәдениет саласындағы алғашқы қызметі мегаполисте басталған.  Сондықтан болар шым шаһар Куприяновна үшін ерекше ыстық.
ЗӘУРЕ ОРАЛБАЕВА, ЖУРНАЛИСТ
-  Мен Шымкентті жақсы көремін деп үнемі айтады ол әр сөзінде Сондықтан сүйікті қала тұрғындарымен кездесуді өзінің 80 жасында  шағын есеп беру секілді жасап отыр. Сондықтан өзі қызмет істеген мәдениет саласы Отырар телеарнасы қызметкерлерін шақырып кездесу ұйымдастыруды ойладық.

Мерей той иесінің мәдениетке қосқан үлесі бір төбе. Десекте оның есімі отандық БАҚ саласындағы қызметімен елге кеңінен танылған. Валентина Куликова  Шымкентте алғашқы болып авторлық телеарна ашқан. 1993 жылы «Караван» АТВ президенті, 1995 жылы «Собкор» ЖШС - «Отырар-ТV» ТА президенті болды.

ЖӘМИЛА МАМЫРӘЛІ, ЖУРНАЛИСТ
-  Өзінің шеберханасын мектебін қалыптастырған Отырар медия холдингін үлкен дәрежеге жеткізген. Тұлға ретінде есімін ерекше атауға болады. Ол кісінің қоластында қызмет еткен әр адамның ол жайлы өзіндік пікір қалыптасқан.

Жиынға келгендер Куприяновнаның еңбек жолын, қиын қыстау кезеңде тығырықтан шығар жол таба білген білікті басшының мінезін тілге тиек етті. Мерей той иесі әріптестерімен жүздесіп, әңгіме-дүкен құрып, бір жадырап қалды. Валентина  әжейдің еңбегі ескерілген.  «Құрмет» орденімен, «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медальдарымен марапатталған.