Шағын авиация талаптарына сай жаңа әуе бағыттарын ашу мен аэродромдар салу жобалары қарастырылуда. Аталған мәселе облыс әкімдігінде талқыланды. Аймақ басшысы саланы дамытып, тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырды. Сонымен бірге Түркістандағы халықаралық әуежайдың әлеуетін көтеруді тапсырды.
Бүгінде бірнеше әуе компанияларының өкілдерімен, сондай-ақ шағын авиацияны дамытуға қызығушылық танытқан кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде. Ішкі рейстерді қалыптастыру және туризмді дамыту мақсатында «Түркістан-Жетісай», «Түркістан-Сарыағаш», «Түркістан-Шардара», «Түркістан-Жезқазған» рейстерін ашу көзделген. Сонымен қатар «Түркістан-Ташкент», «Түркістан-Самарқанд» бағыттарында халықаралық рейс ашу мәселесі де талқылануда. Қысқа қашықтықтарға жолаушылар тасымалдау үшін Чехияда шығарылған 19 орындық L410 ұшақтарын пайдалану жоспарлануда екен. Бір ұшақтың құны – 4,8 млрд теңге. Шағын авиацияның қызмет көрсету инфрақұрылымын дамыту мақсатында Жетісай және Сарыағаш аудандарында шағын аэродромдар салу қажет. Бұл жобалар әлі талқыланып, қаржыландыру көздері зерделеніп, тиісті келіссөздер жалғасады, деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев.