Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентау қаласындағы жылу орталығына барып, жөндеу және құрылыс жұмыстарын бақылады. Қала әкімі, жауапты басқарма өкілдері мен мердігер компания басшыларының есептерін тыңдады. Қазір мұнда барлығы 216 адам екі ауысымда тоқтаусыз жұмыс істеп келеді.
Жылу орталығында 1956 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. 85 пайызы тозған. Сондықтан биыл 6 қазандықты қайта құру жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі таңда төрт қазандықтың жұмыстары аяқталды. Қалған екі қазандықтың құрылыс-монтажы кестеге сәйкес жүріп жатыр. Бүгінде жылыту маусымына алтауы дайын. Төрт қазандық қайта құрудан өтсе, екі екеуі ағымдағы жөндеуден өтті.
Кентау қаласын тұрақты жылумен қамту үшін 3 қазандық жеткілікті. Қазір орталықтың қоймасында 13,7 мың тонна көмір бар. Одан бөлек, 44 мың тонна көмір тасымалдауға келісімшарт түзілген. Кентау қаласындағы 6,6 шақырым магистралды жылу желілері қайта жаңартылды. 14,5 шақырым жылу желілерін реконструкциялау бойынша жоба әзірленіп, бюджеттік өтінім министрлікке ұсынылды.