Биыл Ә. Қуатбеков атындағы ХДУ-не 25 жыл. Осы мерзім ішінде бұл университет ұлт алдындағы борышын адал өтеп келеді. Кәсіби идеяларды орындауда озық үлгілер мекені инновациялық жобалар мен конструкциялық материалдар жасауда түрлі жетістіктерге қол жеткізді. Айтулы білім ордасы Жоғары білім қызметкерлері күнін атап өтті. Бұл күні бірқатар педагог еткен еңбегінің өтеуі ретінде алғыс хаттар мен марапат алып, шат-шадыман күй кешті.
7 қабатты жаңа ғимараттың мәжіліс залына жиналған студенттер мен ұстаздар салтанатты жиынның көркін қыздырды. 25 жылда 27 мыңнан астам білікті маманды даярлап, қияға ұшырған білім ордасында қазір 50 білім беру бағдарламасы бар. Мерекелік жиында сөз алған университеттің ректоры Рабиға Әбдімұсақызы ширек ғасыр жеткен жетістіктерді жіпке тізіп айтып берді.
Бұл күні саналы білім мен сапалы тәрбиенің салтанат құруына атсалысқан бірқатар ұстаз марапат төрінен көрінді. Халықтар Достығы университетінің Президенті Нұрлан Қуатбеков ғылымға сіңірген еңбегі үшін төсбелгі тағынса, Рабиға Әбдімұсақызына А. Байтұрсынұлы атындағы қола медаль табыс етілді.
Ал, көшпенділер ойынында көкпар шауып, бәйгі алған Абылайхан Нышанбеков те осы оқу ордасының түлегі. Ал, күні кеше Тәжікстанда өткен әлем чемпионатынан жеңіспен оралған Талғат Орынбасар универсиеттің мақтанышы. Қос азаматқа көрсетілген құрмет шараны шарықтау шегіне жеткізді.
Биыл университетке 1579 талапкер оқуға түсті. Оның 511-і күндізгі бөлімде, 1068-і қысқартылған оқу түрін таңдаған. Ал, Әйгерім Ордалиева осы университеттің арнайы педагогика факультетінің 4 курс студенті. Осында жүріп, ғылым-білім көкжиегін кеңейткенін айтады.
Ғылымға қосқан үлес көп. Нәтижесін ел көріп жатыр. Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан ынтымақтастығы студенттердің қос диплом бағдарламасы жетіле түсті. Ал, алдағы жоспар тың. Мақсат- сапалы маман даярлау.