«Абай оқулары» байқауы. Бұл жобаға мегаполистегі мемлекеттік тілдегі барлық мектеп оқушылары  атсалысты.  Білім басқармасы қала әкімдігінің қолдауымен ағымдағы жылдың ақпан-сәуір айы аралығында әр білім ошағында іріктеу жүргізген. Содан жүзден жүйрік шыққандар өзара мыңнан тұлпарды анықтады.   
Дүбірлі додаға жыл басынан бері   1-10 сынып оқушылары тегіс қатысқан.   Әуелі сыныптың ішінде сөз шеберін анықтап, одан мектеп үздігі  шыққан. Ары қарай ауданның саңлағы іріктеліп қалалық байқауға жолдама алған.
Байқауға қатысушылар А.Құнанбайұлының шығармаларын жатқа мәнерлеп оқыды. Қазылар алқасының шешімімен 21 оқушы қалалық кезеңнің жеңімпазы атанды. Солардың бірі - №116 Дина Нұрпейісова атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушысы Кәусар Шалдарбек.  
Іс-шарада қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек аудандық және қалалық кезеңнің жеңімпаздарын құттықтап, қаржылай сыйлықтарын табыс етті. Абайды оқыған бала нағыз патриот болып өсетінін, аталған байқауды кеңірек насихаттау керек екенін айтты. Ендігі ретте балаларды көбірек қатыстыру басты назарда болуы тиіс. Бұл жолғы білім бәйгесіне «Al-Farabi Bilim» және “FinBridge International School” мектептерінің бас құрылтайшысы Есбол Қамбаров демеушілік еткен.
 Байқаудың мақсаты – жаңа буынның интеллектуалдық пайым-парасатын арттыру, дарынды оқушыларды және ұстаздарды қолдау. Биылғы байқауда жалпы 245 665 оқушы қамтылды.