Сахнада – Менің атым Қожа. Қазақ балалар әдебиетінің озық туындыларының бірін қойған қалалық өзбек драма театрының әртістері өнерсүйер қауымға керемет кеш сыйлады. Бұл кеш Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналып отыр.
Қарадомалақ қазақ баласының ролін сомдаған Жавлон Сайитов Қожаның іс-әрекеттерін нақышына келтіре ойнап көрерменді күлкіге қарық қылды. Астарлы әзілмен адам бойындағы ізгі қасиеттерді жеткізуге тырыстым деген жас әртіс кинода біраз көріністің көрсетілмегенін айтады.
Қойылым барысы бала тіліне жатық, көркем суреттелген. Театр әртістері әрбір ролді үлкен жауапкершілікпен алып шықты.
Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді деген осындайда айтылса керек. «Менің атым Қожа» повесі – Бердібек Соқпақбаевтың артында өшпес із қалдырған шығарма. Биыл жазушының туғанына 100 жыл толуына орай, жер-жерлерде тойлануда. Қалалық өзбек драма театры да бұл датаны ұмыт қалдырмай, қазақ әдебиетіне деген өздерінің құрметтерін көрсетті.