2025 жыл – жұмысшы мамандықтарының жылы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған бұл бастама кәсіби техникалық бағыт бойынша білім беретін оқу орындарына тың серпін берді. Дәл осы WorldSkills республикалық чемпионатында Түркістан облысының намысын қорғаған шәкірттер де жүлделілер сапынан көрінді. Леңгір қаласындағы №8 колледждің 3-курс студенті Жахангер Мысыралиев қатысып, «Үздік медальонға» ие болды.

 Астанада өткен байқаудан абыроймен оралған дарынды шәкіртті оқу ордасының ұжымы сән-салтанатпен күтіп алды. Жігерлі, оқу білімге құштар Жахангерден ұстаздары зор үміт күтеді. Өйткені, 500-ден астам үміткер қатысқан жарыста ол «құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары» құзіреттілігі бойынша ерекше өнер көрсеткен.  Дарынды өреннің қазіргі заманғы соңғы үлгідегі үй әрлеу жұмысы қазылар алқасының айрықша назарына ілігіпті.  Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев IX республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының жабылу рәсімінде сөйлеген сөзінде бұл шараның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі үшін аса маңыздылығын атап өтті. Айту керек, WorldSkills қозғалысы болашақ мамандардың әлеуетін танытып қана қоймай, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.