Кентаудағы ғасырға жуық ғұмыры бар №5 Жылу электр орталығының қазандықтары қайта жаңғыртылып, іске қосылды. Әзірге 6-уы толық жөнделді. Қалғаны жыл соңына дейін бітеді. Жылыту маусымы басталмай жатып қолға алынған істің нәтижесі оң. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов аталған нысанға барып, БАҚ өкілдеріне орталықтың қазіргі ахуалын таныстырды.

Жылу станциясы 1956 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. 85%-ға тозған. Салдарынан өткен жылдары тұрғын үйлер мен нысандарды жылытуда қиындықтар туған еді. Биыл жағдай басқаша. Қала халқы қыста тоңбайтын болды. Қазіргі кезде 8 қазандықтың 6-уы толық жөнделіп, екеуі резервте тұр. Көктемде басталған жұмыстар қазан айында аяқталып, автоматтандырылған жылу жүйесі қала бойынша мөлшерінен 2-3% артық беріліп отыр.
ЗҰЛПЫХАР ЖОЛДАСОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
  Жылдың аяғына дейін тағы екі резервке екі қазандықты бітіреміз. №12,№7 қазандықты 180 адам жұмыс істеп жатыр. Біреуі қарашаның аяғында бітеді екеншісі 10 желтоқсанда бітеді.

 Сонымен қатар 10 МВт энергия өндіру көзделген. Мамандар 5,5 МВт-ы шығарылып жатқанын айтады. Сол себепті жылыту маусымында ешқандай проблема туындамайды дейді олар. Бұған тұрғындар да дән риза.
БЕЙСЕНБЕК БЕКНАЗАРОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
 Жылу жақсы биыл. Өткен жылы салқын болды. Көрпе жамылып жататынбыз. Биыл шүкір жақсы. Осылай боп тұрса жаман болмаймыз.

РАШИД РАСУЛОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
  Ыстық жақсы Бұйыртса келешектеде жақсы болады деп ойлаймын. Былтыр әжептеуір салқын болған.  Қазір түнде де күндіз де ыстық.

Бұған қоса ТГ- 6 турбогенераторын ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталып, қорғау және қосу жүйелері реттеліп жатыр. Бұл іс  қараша айының соңына дейін аяқталмақ. Айта кетейік, Кентау қаласында жылу 15 қарашадан бастап берілген. Бүгінгі таңда орталықта екі ауысымда  150  адам жұмыс істейді.