Төмен пайызбен берілген несиенің арқасында ауыл шаруашылығының ауқымы кеңеюде. Дәл осылай деген кәсіпкерлер, алғаш рет өткен агрофорумның аясында бірқатар мәселенің көтерілгенін айтады. Мемлекет басшысының өзі көңіл бөліп отырған салада жаңа серпіннің боларына олар сенімді.
«Қасқасу – С» шаруа қожалығының құрылғанына 9 жылға жуықтапты. Бастапқыда 50 бас өгіз бен 10 бас бәйге атын баптаған кәсіпкер мемлекеттік қолдаудың арқасында құлашын кеңге жайғанын айтады. Бүгінде әлеуметтік бағытта ашылған 5 бірдей дүкенде сиыр мен жылқы еті арзан бағамен сатылуда екен. Ішкі нарықты толық қамтып отырған кәсіпкер экспортқа шығу жолдарын қарастырып жатқанын жеткізді. Бұл мәселе агрофорум аясында егжей-тегжейлі талқыланды.
Алғаш рет өткен агрофорумда Мемлекет басшысы бірқатар өзекті мәселелерге тоқталып, жаңа технологияларды белсенді түрде енгізу қажеттігі туралы айтты. Бұл бағыттағы жұмыстарды қолға алып жатқандарын жеткізген салаға жауапты басқарма бірқатар жобаларды жүзеге асырмақ ниетте.
Шымкенттік шаруалар Президент ұсынысымен толықтай келісіп отыр. Өйткені, ішкі сұранысты қанағаттандыру арқылы ауылшаруашылығын дамытып қана қоймай, сыртқы экспорт мәселесін де ретке келтіретіндеріне сенімді. Бұл өз кезегінде экономикалық өсімге апарары сөзсіз.