Түркістан қаласы жаңа нысандармен толығатын болады. Осы орайда, бой көтеріп жатқан ғимараттарды аралаған облыс әкімі Дархан Сатыбалды мәдениет үйінің құрылысымен танысты. Нысан 2025 жылы тапсырылады деп жоспарланған. Өңір басшысы мердігерге жұмысты сапалы атқару керек деп нықтап ескертті.
Бүгінде Мәдениет үйінің құрылыс барысы 75 пайызға аяқталған. Ғимаратта 500 орындық көрермен залы, вестбюль-фойе, әртістер бөлмесі, қызметшілер бөлмесі, асхана, режиссер, суретші, киім өлшеу, мекеме әкімшілігінің бөлмелері қарастырылған. Өнерпаздардың дайындық залы да орналасқан. Бұдан соң облыс басшысына «Сельмаг» су жинау қоймасының құрылыс барысы таныстырылды. 2023 жылы басталған жұмыстар биыл аяқталады. Стратегиялық нысан заманауи құрал-жабдықтармен, қондырғылармен қамтылған. Суды тазартып, тұрғындарға жолдайды. Апаттық жағдайлар кезінде қаланың ескі аумағына үздіксіз су береді және жаз айларында ауыз су қысымын қалыпты деңгейде ұстап тұрады. Жалпы 25 мыңнан астам тұрғынның ауыз су мәселесін шешеді.
Дархан Сатыбалды Әлқожа ата көшесін аралап, осында салынатын әлеуметтік нысандардың жобасын көрді. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы осында атқарылатын жұмыстар мен жоспарларды баяндады. Мұнда тұрғын үй, кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандар салынады деп жоспарланған. Өңір басшысы бұл жобаларды мұқият зерделеп, халыққа қажетті әрі шаһардың сәулетіне сән қосатын нысандарды ғана салу керектігін айтты. Жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.