Түзеу мекемесінен шыққан азаматтарды өмірге қайта бейімдеу үшін  қоғамдық қолдау керек. Тар қапаста темірдей тәртіппен жылдарын өткізген жандарға қайта жаңғыру оңайға соқпайды. Психологиялық көмек көрсетуде «Жаңа өмір» жобасы оң ықпал етуде. Бұл жолы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған жастарды қолдау бойынша шағын футболдан арнайы турнир ұйымдастырылды.

 Жаңа өмірге бейімдеу кезеңінде  спорттық сайыстардың берері мол. Әр адам топ намысын қорғап, ұжымдық бірлікке  ынталанады. Денсаулығы шынығып ойы сергиді. Ұйымдастырушылар бұл жобаның тиімділігін тілге тиек етуде.

ДИЛЯРА ҚЫРҒЫЗБАЕВА, «ЖАҢА ӨМІР» ЖОБАСЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ
 Бірінші рет пробация есебінде тұратын жастармен 2018 жылы  жұмыс істегенбіз Ол кезде «Үміт» қоғамдық қорымен серіктесте істегенбіз Ал биыл бірінші рет өзіміз алып істегенбіз

Аяқдоп додасына жалпы саны  50 адам қатысты. 10 командаға бөлініп өзара мықтыларды анықтады. Ойынға пробация есебінде тұратын 18-35 жас  аралығындағы жастар  қатысты. Тартысты ойын көптің көңілінен шықты.

ШАХМАРДАН ҚУАНЫШҰЛЫ, ТУРНИР ЖЕҢІМПАЗЫ
Өте қуаныштымын бәрі жақсы өтті. Азанғы тоғыздан жиналып қазір бітіріп отырмыз. Бірінші орынды алып қуанып отырмыз.   

«Жаңа өмір» жобасы жүзеге асырған жарыстың жүлде қоры да қомақты. 1 орынға 100 мың, екінші орынға 70, үшінші орынға  50 мың теңге қаржылай сыйлық берілді. Одан бөлек «Үздік шабуылдаушы», «Үздік қақпашы» секілді номинациялар тағайындалды. Осылайша бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған жастар бусанып терлеп, бір серпіліп қалды.