Түркістан облысында пайдаланылмай жатқан 51,3 мың гектар жер қайтарылды. Бұл туралы өңір басшысының төрағалығымен өткен аппарат отырысында айтылды. Меже бойынша биыл 60 мың гектар жерді мемлекет меншігіне алу жоспарланған екен. Ал, жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектарды құраған. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 608 мың гектарға дейін төмендеген.
Биыл өңірдегі қоғамдық жайылым көлемін екі бағыт бойынша 304,0 мың гектарға ұлғайту жоспарланған. Бірінші бағыт бойынша жалпы 64 мың гектар жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару көзделіп, есепті мерзімге 49,1 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылған. 10 айда жоспар 70 пайызға орындалып отыр. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстар Сарыағаш, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас, Келес, Созақ, Отырар аудандарында төмен деңгейде.
Елді мекендерді дамыту бағытында Сайрам ауданы, Қарабұлақ елді мекеніндегі мал бордақылау алаңдарын елді мекеннің сыртына көшіру бойынша жалпы 587 гектар жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару қарастырылған. Қазіргі таңда аудан әкімдігі тарапынан 255 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.